Талдықорғанда «BIKEN» І Халықаралық театр фестивалі басталды. LIVE
Қазақстанның халық әртісі Бикен Римованың туғанына биыл 100 жыл, деп хабарлайды «Хабар 24».
Өрнегі айшықты актрисаның торқалы тойына орай Талдықорғанда халықаралық театр додасы басталды. Мемлекет басшысы фестиваль қатысушыларына құттықтау хат жолдады. «Бикен Римова – төл мәдениетімізді өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан біртуар тұлға. Сахна саңлақтарының ғибратты ғұмыры туралы естелік кітаптар жазды. Өмірде де, өнерде де өзгелерге үлгі бола білді», делінген құттықтау хатта. Президент лебізін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев оқып берді.
Шыңғыс Қалиден, тілші:
- Театр фестивалі Бикен Римованың құрметіне қойылған ескерткіштің ашылуынан басталды. Мүсін өнер майталманының есімі берілген әрі өзі негізін қалаған театр ғимаратының ішіне орнаталды. Бюст авторы – актрисаның қызы Меруерт Құсайынова болса, жасап шыққан Айдос Бүркітбаев пен Тимур Ермұханбетов есімді мүсіншілер.
Салтанатты шара аясында «Өнерімен өрілген өмір» атты ғылыми тәжірбиелік конференциясы өтті. Алқалы басқосуда өнертанушылар сахна саңлағының театр және кино өнеріне қосқан сүбелі үлесі туралы баяндама жасады. Бикен Римова саналы ғұмырының 60 жылын өнер жолына арнап 200-ден астам рөлді сомдады. Көпшілікке Мұхтар Әуезовтің «Еңлік Кебегіндегі» Еңлік образы арқылы танылды. Ал кинода «Тақиялы Періште», «Менің атым қожа», «Қозы Көрпеш Баян сұлу» сынды фильмдер арқылы көрермен қауымның жүрегіне жол тапты.
Амангелді Мұқан, өнертанушы:
- Бикен апамыз біржақты актриса болып қалған жоқ, ол кісі – үлкен өнер тұлғасы. Одан бөлек, ол кісі драматург, қаламгер ретінде қалдырған дүниелері, сахнаға пьесса жазуы, пьессалары, инсценировкалары қазақтың тарихында алтын әріптермен жазылып қалды.
Театр алдындағы алаңда лазерлік шоу өтіп, мереке көрігін қыздырып жатыр. Қазір ғана театр шеруі өтті. Көпшілік Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Түркменстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан және еліміздің әр аймағынан келген өнерпаздарды қарсы алды. Олар 4 күн бойы Жетісу жұртшылығына тәрбиелік мәні зор тағылымды қойылымдарын ұсынатын болады. Соның негізінде әділ қазылар алқасы үздік өнер ұжымдарын, актерларды және режиссерлерді анықтап марапаттайды.