Талдықорғанда халықаралық театр додасы өтіп жатыр

Қазақстанның халық әртісі Бикен Римованың туғанына биыл 100 жыл.

Өрнегі айшықты актрисаның торқалы тойына орай Талдықорғанда халықаралық театр додасы басталды. Мемлекет басшысы фестиваль қатысушыларына құттықтау хат жолдады. «Бикен Римова – төл мәдениетімізді өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан біртуар тұлға. Сахна саңлақтарының ғибратты ғұмыры туралы естелік кітаптар жазды. Өмірде де, өнерде де өзгелерге үлгі бола білді», делінген құттықтау хатта. Президент лебізін Жетісу облысының әкімі оқып берді.

Ғасырлық мерейтой Бикен Римованың құрметіне қойылған ескерткіштің ашылуымен басталды. Қоладан құйылған мүсінді Айдос Бүркітбаев пен Тимур Ермұханбетов жасаған. Ал идея авторы – актрисаның қызы Меруерт Құсайынова.

Меруерт Құсайынова, Б. Римованың қызы:

- Мүсін анамның сомдаған кейіпкерлері емес, өзінің шынайы бейнесіне ұқсайды. Күлкісі де аумайды. Ақжарқын мінезінен хабар беріп тұр. Тура өзіндей болсын деп тырыстық. Сол мақсатымызға жеттік қой деп ойлаймын.

Салтанатты шара аясында «Өнерімен өрілген өмір» атты ғылыми тәжірбиелік конференциясы өтті. Алқалы басқосуда өнертанушылар сахна саңлағының театр және кино өнеріне қосқан сүбелі үлесі туралы баяндама жасады.   Бикен Римова саналы ғұмырының 60 жылын өнер жолына арнап 200-ден астам рөлді сомдады. Көпшілікке Мұхтар Әуезовтің «Еңлік Кебегіндегі» Еңлік образы арқылы танылды. Ал кинода «Тақиялы Періште», «Менің атым қожа», «Қозы Көрпеш Баян сұлу» сынды фильмдер арқылы көрермен қауымның жүрегіне жол тапты. 

Амангелді Мұқан, өнертанушы:

- Бикен апамыз біржақты актриса болып қалған жоқ, ол кісі – үлкен өнер тұлғасы. Одан бөлек, ол кісі драматург, қаламгер ретінде қалдырған дүниелері, сахнаға пьесса жазуы, пьессалары, инсценировкалары қазақтың тарихында алтын әріптермен жазылып қалды.

Театр алдындағы алаңда лазерлік шоу өтіп, мереке көрігін қыздырды. Әр жақтан келген театрлар салтанатты сап құрып, шеру өткізді. Көпшілік Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан және еліміздің өнерпаздарын қошеметпен қарсы алды.

Гүлжамал Қазақбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:

- Енді фестиваль деген – бұл өнер жарысы. Бұл – үлкен дода. Бұл әр театр өзінің қандай деңгейде екенін, қаншалықты өскенін, бәрін осындай бір додаларда байқайды. Сондықтан мен осы фестивальге қатысушы әріптестеріме үлкен шығармашылық табыстар тілеймін.

Шара барысында Бикен Римованың өмірінен сахналық көрініс қойылып, мерейтой соңы концерттік бағдарламаға ұласты. 

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Алдағы 4 күнде Жетісу облысының халқы Бикен Римованың өзі жазған пьессаларын тамашалай алады. Сонымен қатар түбі бір түркі елдердің театр ұжымы ұсынған тәрбиелік мәні зор тағылымды қойылымдарды көреді. Әділ қазылар алқасы солардың ішінен үздіктерін анықтап, бірнеше аталым бойынша марапаттайды. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Олжас Байбосынов.