Қарабаудағы көне қорғаннан алтын әшекейлер табылды
Атырау облысының аумағынан осыдан 2500 жыл бұрын жерленген алтын әшекейлі адамдардың мүрдесі табылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Биыл облыстық тарихи өлкетану музейі жанынан құрылыған археологиялық экспедиция Қарабау ауылының маңындағы 2 көне қорғанды қаза бастаған еді.
Осы қорғаннан қыш құмыралар, алтыннан соғылған сырға-білезіктер және жүздеген жебе мен темір қазандар табылды. Мамандар бұл жәдігерлерді біздің дәуірімізге дейінгі V-IV ғасырларда Каспий маңы ойпатында өмір сүрген сарматтар тайпасына тиесілі деп топшылайды.
Арада мыңдаған жылдар өтсе де, жақсы сақталған бұл алтын бұйымдар – өте құнды жәдігер, - дейді археологтар. Әйел адамның қабірінен шыққан 3 алтын білезік, 2 алтын сақина мен сырға, күміс алқа және жебелер – оның тегін адам болмағанына дәлел. Сондай-ақ екінші қабірден шыққан бал ашуға қажетті заттар мен құрбан шалуға арналған құрбандық тасына қарап, мамандар мүлік иесі емші болуы мүмкін, деп болжап отыр. Онан өзге, қорғаннан темірден соғылған жүздеген жебе, қыш құмыра мен күмістелген ер-тоқым әбзелдері табылды.
Ғаламат Базарбаев, облыстық тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері:
- Бұл қорғандардың ерекшелігі, тек қана орталық бөліктері тоналып, жерлеу орындарына тонаушылардың көзі түспеген. Соған байланысты көптеген жәдігерлер жинап отырмыз. Бұл жерде толық зерттелмеген «Сарматтардың күн храмы» деген ғибатаханамыз бар. Осы жерден 1 км жерде орналасқан. Соны зерттеу мақсатында айналасындағы қорғандардан бастап отырмыз.
Биылғы қазба жұмыстарына Атырау университетінің тарих факультентінің студенттері де тартылған болатын. Олар көне қорымды қазу барысында өмірлік тәжірибе жинағандарын айтады.
Аружан Есенова, тарих факультетінің студенті:
- Шаң, дауыл, жаңбырға қарамастан біз шаршағанымызды осындай құнды жәдігерлер тапқанда баса аламыз. Осы жерде ағайлармен жүріп, өмірлік тәжірибе алып жатырмын.
Жалпы Қарабау ауылы маңайында әлі зерттелмеген 4-5 қорған бар. Соған қарап ғалымдар бұл өңірде сармат дәуірінің ірі қоғамдық ортасы болған деп болжап отыр. Қазба жұмыстары келесі жылдары да жалғасады. Ал қорғандардан табылған бұйымдар Әлкей Марғұлан атындағы археология институтына зерттеуге жіберіледі.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов.