Алматыда үрмелі аспаптардың білгірлері шеберлік дәрісін өткізді
Валторна, тромбон, керней, флейта және саксофон.
Алматыда үрмелі аспаптарда орындаушыларға арналған халықаралық академия өз жұмысын қорытындылады. Бес күн бойы Францияның, Қазақстанның, Жапония мен АҚШ-тың жетекші оқутышылары осы аспаптарды меңгерсем деген қазақ музыканттарына шеберлік сабағын өткізді. Академияның мақсаты әртістердің халықаралық сахнаға шығуына жол ашу. Бұл шара үш жылдан бері Мәдениет және ақпарат министрлігімен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының бастамасымен өтіп келеді. Оның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына қолдау көрсеткендердің қатарында «Батырхан Шүкенов» атындағы қоғамдық қор да бар. Биыл академияға қатысуға 100-ге жуық музыкант өтініш берген. Соның тек жартысы іріктеуден өтті. Талап бойынша 14 жастан 45 жасқа дейінгі кәсіби орындаушылар мен студенттер қатысуға мүмкіндік алды. Білікті оқытушылар дәріс оқумен қатар, гала концертте өнер көрсетті.
Ержан Кошанов, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының артисі:
- Мәдени ортада бұл музыкалық кештің маңызы өте зор. Еуропада мұндай оқу өте қымбат тұрады. Біз таланттарды іздеп табу үшін, оларға қолдау көрсету үшін бәрін тегін ұйымдастырып отырмыз. Тіпті іріктеуден өтпеген қатысушыларға шеберлік сабағын тыңдауға мүмкіндік бердік. Ал академия қатысушылары сертификат алады. Педагогтардың қатарында Жюльен Люка, Бенуа Кутрис, Жасұлан Абдықалыков, Хенри Уиллифорд және Йо Матсушита сынды мықты мамандар бар.