Қызылордада мектепте қыздар мен ер балалар үзіліс кезінде асық ойнайды
Қызылордада мектеп оқушылары үзіліс кезінде де асық ойнайды.
Балаларды ұлттық спорттың бұл түріне ұстаздары баулыған. Асық ойыны – тұнып тұрған тәрбиенің көзі. Ал білім мен тәрбие қашанда егіз болуы керек, дейді үйірме жетекшілері.
Корей ұлтының өкілі Милана Цой «Бес асық» ойынымен бес жылдан бері шұғылданып келеді. Аймақтық біріншіліктерде бірнеше рет топ жарған. Қазақтың ұлттық ойыны тез шешім қабылдап, ширақ болуға үйретеді, дейді ол.
Милана Цой, оқушы:
- Қазір жастар интернетте ойындарға көп уақыт өткізеді. Ал бізде «Бес асықтан» он екі мүшеге жақсы. Бәріне мықты денсаулық береді. Алдағы жоспарым соңына дейін жету. Бірінші орын алу облыстан, республикалыққа шығу.
«Бес асық» спорты үшін мектепте арнайы бөлме жабдықталып, үйірме ашылған. Ұлттық спорттың бұл түрі денсаулыққа тигізер пайдасынан бөлек, отбасындағы қарым-қатынасты да реттейді,-дейді үйірме жетекшісі.
Гүлнәр Асайбұлдаева, "Бес асық" үйірмесінің жетекшісі:
- Ата-аналармен біз тығыз байланыстамыз. Осы қыздарым менің үйінде апаларымен, тәтелерімен, аналарымен ойнап жатыр. Бұның қуантарлық жағдайы - бір-бірімен қарым-қатынас өте тығыз, ата-анамен де.
Ал ұлдар жағы «Асық ату» үйірмесіне қатысады. Олар тіпті сабақ арасындағы үзіліс уақытында сақа шиіруді әдетке айналдырған.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Балалар бұл жерде тек дәлдікке қана машықтанбайды. Асық ату федерациясы бекіткен арнайы ережеге сай үйренеді. Мәселен, мына сақаның көлемі 4,5 сантиметрден кем болмауы тиіс, салмағы – 30 грамм болуы шарт. Ал шеңбердің көлемі балалардың жас ерекшелігіне байланысты 3 метрден әрі жоғарылай береді.
Райхан Наукеев, "Асық ату" үйірмесінің жетекшісі:
-Бұл ойын қазіргі таңда Азияда ойналады, халықаралық ойындар өтеді. Және 1 қыркүйекте осы ойынды әлемге таныстырып жатыр. Асық шеберлері артқан сайын, ойынның шеңбері, ататын қашықтығы күрделеніп келе жатыр.
Білім мен тәрбие қатар жүргенде ғана жемісін береді. Ал көнеден келе жатқан асық ойыны – ұлттық тәрбиенің қайнар көзі. Бұл бастама мектеп оқушыларының ұқыпты, алғыр әрі епті болуына септігін тигізеді, деп санайды ұлғатты ұстаздар.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев