Алаш жұртын отты жырларымен жылытқан қаламгер туралы замандастары пікір білдірді
Қазақ поэзиясы қара жамылды.
Белгілі ақын Несіпбек Айтұлы 73 жасында дүние салды. Алаш жұртын отты жырларымен жылытқан қаламгер жайында замандастары пікір білдірді.
Алыптардың бәрі тауда туған. Несіпбек Айтұлы да сол ұлылардың көшін жалғады. Ол 1950 жылы Тарбағатай етегінде дүниеге келді. Қарға бойлы қарапайым ғана қазақтың бойынан таудың асқақтығы аңқып тұратын, дейтін замандастары. Несіпбек Айтұлы өмірінің соңына дейін қолынан қаламын түсірмеген ақын. Көз майын тауыса жүріп жазған "Бәйтерек", "Көз жасым", "Ерлікке ескерткіш", "Дариға, дәурен" - қазақ әдебиеті қоржынына қосылған шоқтығы биік шығармалар. Қара өлеңді жанына серік еткен қаламгер тәржіма ісін дамытуға да атсалысты. Шығыстың ұлы шайыры Әлішер Науаидың «Ескендір қорғаны» мен «Ләйлі-Мәжнін» сынды бірқатар әлемдік туындыларды ана тілімізде сөйлетті.
Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Былтыр ғана Өзбекстандағы Науаи қаласының құрметті азаматы атағын алды. Ағамыз шын мәнінде қазақтың қара өлеңін ғана емес, Түркі поэзиясында сонау Тоныкөктен үзілмей келе жатқан алтын арқауының бір жалғаса болатын. Жыраулардан көсіліп жырлайтын. ағамыздың қазасы жалпы әдебиетіміз үшін, мәдениетіміз үшін ауыр қаза.
Несіпбек Айтұлының негізгі мамандығы журналист. Көзі тірісінде "Қазақ әдебиеті" газетінде әйгілі "Жұлдыз" журналында қызмет атқарды. Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болды. Президенттік Мәдениет орталығында да еңбек етті. Ал соңғы қызметі Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы музей директоры. Өмір ағыны қайда әкетсе де ол өлең өнеріне өле өлгенше адал болды. Балаларға деп балдай жыр жазды. Жанартаудай отты сөзімен әділдік іздеп шарқұрды. Әріптестері оның ақындығымен қатар қайраткерлігі де бір төбе деп тебіреніспен еске алады.
Дәулеткерей Кәпұлы, Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы директоры:
- Қазағын жүрегіндегі махаббатқа ораған ақын, ақынның шығармашылық екінші ғұмыры басталады. Қазақ сөз өнері жасаған жерде Несіпбек ағамыздың әр қазақтың жүрегінде болуы хақ деп ойлаймын
Ауыт Мұқибек, ақын:
- Ол кісі өте ұлтшыл болатын, кейде ашынып оны ашықтан жазатын.Барлық саяси істерден, қоғамдық істерден бейтарап қалмай, өзінің азаматтық пікірін білдіріп отыратын. Түрі қатал, сұсты болғанымен жаймашуақ, шуақты еді.
Нес-аға күзді жақсы көрді. Иә, күзде туған ақыннның күзді жырлауы заңдылық шығар. Бірақ бұл жолы сары ала жапырақпен сәулелі ғұмыр үзілді. Алаштың ардақтысы, айтулы ақын Несіпбек Айтұлы Астанада жерленеді. Марқұмның жаназасы 18 қазан, сағат 10:00-де Әзірет Сұлтан мешітінде оқылады.
Назерке Тоқжан