Алматыда «Театрдың ғажайып әлемі» республикалық фестиваль-байқауы өтті
Алматыдағы Оқушылар сарайында «Театрдың ғажайып әлемі» республикалық фестиваль-байқауы өтті.
Елдің әр өңірінен келген жиырма мектеп театры өз қойылымдарын көрерменге ұсынып, бақ сынады. Іс-шараның мақсаты оқушыларды ұлттық және әлемдік мәдениеттің құндылықтарына баулып, білім мен рухани тәрбиені ұштастыру.
Оқушылар сарайының мына залы екі күн бойы үлкен театрға айналды. Атырау мен Ақтаудан, Семей мен Тараздан және басқа да қалалардан келген балалар фестивальдің көрігін қыздырды. Алғашқы спектакльді атыраулық оқушылар қойды. Олар өткен ғасырдың басында қазақ қоғамында болған тарихи оқиғаларды сахналады. Осы топтың мүшесі Нұрдәулет Амангелді «Үздік ер адам рөлі» номинациясын жеңіп алды.
Нұрдәулет Амангелді, 11-сынып оқушысы /Атырау облысы/:
- Осы қойылым «Ұмытылмас қасірет» деп аталады. Біздің жетекшіміз Гүлфия Құсайынқызы өзі сценарий жазып, осылай бізге қой деп айтқан болатын. Бұл көрністі кем дегенде 2 немесе 3 апта бойы дайындалдық. Соның арқасында осындай нәтиже шығарып отырмыз.
Байқауда әртүрлі жанрдағы спектакльдер қойылды. Бірі комедия, енді бірі драма мен мюзикл дайындап келіпті. Олардың еңбегін кәсіби актерлер мен өнер академиясының оқытушылары бағалады. Жеңімпаздармен қатар «Үздік әйел рөлі», «Үздік ер адам рөлі», «Көркем сөз» аталымында топ жарғандарда марапатталды.
Раиса Шер, ҚР ОАМ Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры:
- Бүгінде республика бойынша 2 мыңға жуық әртүрлі театрлық шеберлік үйірмесі жұмыс істейді. Мектеп қабырғасында немесе мектептен тыс мекемелерде ұйымдастырылған осы үйірмелерге қазір 58 мыңнан астам бала қатысуда. Осындай үйірмелерге қатысып шеберлігін шыңдаймын деген оқушылардың саны жыл сайын артып келеді.
Дәстүрлі фестивальдің бас жүлдесін «Жалын» театры жеңіп алды. Ақтөбе қаласынан келген оқушылар қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың өмірін сахналады. Айтар ойы анық, режиссерлік шешімі тың қойылым қазылар алқасының «үздік» бағасын алды.
Ақниет Жалғасова, Ақтөбе қаласы №37 орта мектебінің мұғалімі:
- Қалалық білім бөлімінің тапсырмасы бойынша «Әлия» тақырыбында қойылым шығару керек болды. Сол кезде бізге көмектескен «Алақай» театрының актері Кемалов Нұрсұлтанды айта кетуіме болады. Бұл осы қойылымның режиссері. Сол кісінің еңбегімен біз осы дәрежеге жетіп отырмыз.
Жарысқа келген балалар Алматы Оқушылар сарайының «Өрнек» лагеріне тоқтады. Бір-бірімізбен жақын танысып, достасып кеттік, дейді жас актерлер. Байқаудың мақсаты білім мен тәрбиені ұштастыру. Балалардың шығармашылық бастамаларын қолдап, дарынды жастарды іздеп, олардың кәсіби театр алаңдарын бағындыруына жол ашу.
Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов