Алтай төрінде аламан айтыс өтті
Өскеменде «Қаһарлы хан батыры Көкжал Барақ» атты республикалық ақындар айтысы өтті.
Дүбірлі шараға Шымкент, Алматы, Қарағанды, Астана қаласы мен Шығыс Қазақстан, Абай облысынан жалпы 10 ақын қатысты. Сөз зергерлері бекзада өнерді Ұлттық мереке қарсаңында ұлықтап, жұрт қошеметіне бөленді. Жыр додасына Досқан Жолжақсынов, Әлібек Қаңтарбаев, Қалқаман Сарин сынды өнер жанашырлары төрелік етті.
«Көкжарлы Көкжал барақ» батырдың ерлігін насихаттауға арналған айтыс бұған дейін тек облыс көлемінде ғана өткен еді. Енді елдегі ең мықты суырып салманың басын қосты. Жалпы жүлде қоры – 5 миллион теңге. Бас жүлдені шығысқазақстандық Серік Қуанғанұлы алса, бірінші орын қарағандылық Мақсат Ақановқа бұйырды.
Досхан Жолжақсынов, Қазақстанның халық артисі:
- Айтыс қазақшалап айтқанда, қазақтың өзі ғой. Осының бойында тілі де, діні де, ділі де. Әр жерде болып жатқан айтыстардың өз нұсқасы бар, өз тақырыбы бар дегендей. Бірақ ең негізі нысанасы- ұлттың рухы.
Мирас Мүкетайұлы, «Көкжал барақ» қоғамдық қорының төрағасы:
- Енді мынау Көкжал барақ батыр бабамыздың ерлігін насихаттау мақсатында республикалық ақындар айтысын ұйымдастырып жатырмыз. Бұл облыста республикалық деңгейдегі ақындар айтысы бұрын-соңды өтпеген. Біздің мақсатымыз елдің есінде қалатындай, елдің аузында қалатындай айтыс болса деген ой біздікі.