Елімізде шығармашылық қауым арасында байқау өтті
Республика күні қарсаңында татулықты ту еткен үздік туындылар анықталды.
Байқау ел бірлігін бекемдеуге үлес қосып жүрген шығармашылық қауым арасында өтті. Үздік жұмыстар 14 номинация бойынша сараланды. Қазылар алқасының назарына елдегі ынтымақ пен бірлікті дәріптеуге бағытталған шығармалар ұсынылды.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- Мәдениет пен өнер саласындағы үздік туындылар үшін және әдебиет пен журналистика саласындағы үздік жұмыстар үшін сыйлықтар бекітілген болатын. Бұл марапаттардың басты мақсаты – мәдениет, өнер, журналистика, әдебиет салаларында ел бірлігін нығайтуға үлес қосып жүрген белсенді азаматтарымыздың еңбегін бағалау. Мұндай шара тәуелсіз еліміздің тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.
Конкурсқа жекелеген авторлармен бірге шығармашылық ұжымдар да қатысты. Жеңімпаздардың барлығына арнайы сыйақы табыс етілді. Бұл іс-шара әр 2 жыл сайын ұйымдастырылады.
Татьяна Жандильдина, Қазақ радиосының редактор-жүргізушісі:
- Біздің жобамыз «Достық» деп аталады. Бұл – «Қазақ радиосындағы» бірегей әрі тарихи жоба. Ол эфирге 1958 жылдан бастап шығып жүр. Достық жобасы 7 тілде тыңдарманға жол тартады. Бағдарламада елімізде өмір сүріп жатқан этностардың мәдениеті, тарихы сөз етіледі. Біз сияқты этножурналистердің еңбегі бағаланып, зор құрметке бөленіп жатқанымызға қуаныштымыз.