Павлодар облысында Роза Бағланова атындағы мәдениет үйі ашылды. LIVE

Павлодар облысында жөндеуден өткен бірнеше ауыл клубы қолданысқа берілді.

Бүгін облыс орталығына жақын тұрған Павлодар ауылында 300 орындық мәдениет үйі ашылды. Бұл ауылдың іргесі, бір ғасыр бұрын қаланған. Жергілікті тұрғындар 30 жыл күткен мәдениет үйінің ашылу салтанатына қатысып жатқан тілшіміз Қарлығаш Қасиетова байланысқа шығуға дайын.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Павлодар ауылының тұрғындары үшін ақ түйенің қарны жарылған күн – бүгін. 6 мыңнан астам халқы бар елді мекенде бұрын клуб болмаған. Сондықтан халық көп жиналатын мерекелік іс-шаралардың бәрі далада немесе мектептің акт залында өтетін. Ауыл адамдары кітапханада бас қосатын. Енді, міне, сол олқылықтың орны толып жатыр. Қуана жеткізетін тағы бір жаңалық, мәдениет үйі ғасыр әншісі Роза Бағланованың есімімен аталады.

«Ел іші – өнер кеніші». Мәдениет үйінің жанында шығармашылықпен айналысуға жан-жақты жағдай жасалған. Бірінші қабатта көрермен залынан бөлек, домбыра үйірмесі, хореографиялық ансамбль, вокалдық ұжым, ардагерлер Кеңесінің Халық хоры орналасады. Екінші қабатта дыбыс жазу, жарықпен қамту студиялары мен радио торабы жасақталған.

Естеріңізге сала кетсек, Павлодар ауылындағы мәдениет үйінің құрылысы 2 жыл бұрын басталған еді. Мердігерлер құрылысты уақытында тапсырды. Бұл  «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасына енген нысан. Жалпы өңірде Республика күніне арналған мерекелік бағдарламалар легі енді басталып жатыр. Сағат 11-де «Қыран елім – Қазақстан!» жалпыұлттық акциясы аясында Мемлекеттік туды салтанатты көтеру рәсімі өтеді. Одан кейін жұртшылық эстрада жұлдыздарының концертін тамашалайды. Бүгін спорттық шаралар, жәрмеңкелер ұйымдастырылып жатыр.