Елордада «Отан қымбат» концерті өтті

Елордада республика күніне орай «Отан қымбат» мерекелік концерті өтті.

Көрермен назарына егемендік жолында еңбек еткен ерен тұлғалардың өмірінен сыр шертетін қойылымдар ұсынылды. Актерлар Алаш арыстарының арман-тілегі мен өсиет сөздерін монолог арқылы жеткізді. Қойылым кезінде 3D графикалық декорация қолданылды. Осылайша көрермен түрлі тарихи кезеңдерге виртуалды сапар шекті. Салтанатты жиынға елімізге белгілі өнер жұлдыздары, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Роза Рымбаева, Қазақстанның халық артисі:

- Құрметті қазақстандықтар сіздерді шын жүректен Республика күнімен құттықтаймын. Болашағымыз жарқын болатынына, біздің болашақта жастарымыз білімді, тәрбиелі болатынына мен сенемін. Шын жүректен құттықтаймын.

Ибрагим Ескендір, әнші:

- Осындай бір патриоттық, отаншылдық сезімге, тарихи тағылымға толы керемет іс-шара болып жатыр. Осы кештің соңғы түйінін, 50-ге жуық шәкіртімізбен бірге шығып Отан қымбат, ештеңе жоқ одан қымбат деп жақсылап жоғары нотада аяқтайтын боламыз. Еліміздің ішін даудан, сыртын жаудан сақтасын. Еліміз өркендей берсін дегім келеді. Мереке құтты болсын.