Қазығұрт ауданында ерекше дәстүр сақталған
Биыл қымыз ішу жоралғысына 70 жыл.
Түркістан облысының Қазығұрт ауданында ерекше дәстүр сақталған. Жаңабазар ауылының ақсақалдары әр жексенбі сайын қымызханаға жиналып, ұлттық сусынды дәріптейді. Тек қымыз ішіп қана қоймай, елдің жайын қозғап, кеңес құрады. Ауыл азаматтары мерейлі мерекені кең көлемде атап өтті.
Бүгін Жаңабазар ауылында ұлан-асыр той. Ардагерлер үйіндегі «Қымызхананың» алды сән-салтанаты жарасқан қарияларға толы. Іште кең дастархан жайылып, келген меймандар қымыздан дәм татып жатыр. Үлкендердің айтуынша, бұл дәстүр өткен ғасырдың 50-ші жылдары басталған. Соғыстан кейінгі қиын кезеңде ауыл ақсақалдары елдің жағдайын түземек ниетпен бас қосқан. Содан бері дәстүр үзілген емес.
Ескендір Мұсақұлов, Жаңабазар ауылының тұрғыны:
- Осында елдегі болып жатқан мәселелерді, тұрмысы төмен азаматтарға қолдау көрсету, елдің экономикасын көтеру үшін, келешек ұрпаққа осы дәстүрді ары қарай жалғастыру мақсатында бас қосып отырған мәселе.
Қазығұрт тауының баурайындағы көнекөз қариялар салған игі дәстүрді ауыл азаматтары елдік деңгейде дәріптеуге ниетті. Сондықтан болар ұлттық сусынды ұлықтауға барынша дайындалғаны көрініп-ақ тұр. Жан-жақтан меймандар шақырып, ақ шаңқан киіз үйлер тіккен.
Жандос Жұмабек, тілші:
- Жалпы күз мезгілі қымыздың әбден қоюланып, құнары артатын кез. Бие сүтінің бабын кісілер осы уақытта қымыздың емдік қасиеті артып, шипасы даритынын айтады. Сондықтан ел арасында «күздік қымызды күйеуге берме» деген де сөз бар. Олай болса дәмін татып көрейік.
Балтагүл Мырзахметова, қымыз баптаушы:
- Күздік қымызды қазақтың салт-дәстүрінде «сірге мөлдірету» деп атайды. «Сірге мөлдірету» дегеніміз – құлынды босатар, биені қоя беретін кезде ауыл-аймақтың үлкен-кіші қарияларын шақырып, дастархан жайып, соңғы қымызды сол кісілерге беріп, батасын алатын кез.
Игі шараны ұйымдастыруға ұйытқы болғандардың бірі – ауылдық ардагерлер қоғамдық бірлестігі. Ақсақалдардың айтуынша, негізгі мақсат – халықты қымыз ішуге үндеу. Сол арқылы жылқыға жақындату, - дейді.
Сүйелбек Жорабек, қоғамдық бірлестік төрағасы:
- Ауылымызда жылқымен айналыспайтын азамат жоқ. Әр үйде 5-6 жылқы бар. Жылқыны малын бордақылауға көшкен қазір. Оның арғы жағында кәсіппен айналысып жатқан азаматтар бар. Соның нәтижесінде көп азамат тұрмыс жағдайын жақсартып жатыр.
Елдің тыныштығы мен халықтың бірлігін ойлап, саналы ғұмырын ұлттық дәстүрді дәріптеуге арнаған абыз ақсақалдардың ерен еңбегі бүгінгі күні халықтың тәрбие мектебіне айналып отыр. Әсіресе өсіп келе жатқан жас ұрпаққа үлгі-өнеге, - дейді шараға қатысушылар.
Асқар Мырзахметов, қоғам қайраткері:
- Бұл енді тек қана Қазығұрт ауданы мен Түркістан облысында ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінде де осындай өнеге болатын іс жалғасын тапса, одан біз ұтатынымыз анық.
Қариялардың айтуынша, игі дәстүр Қазығұрт ауданындағы 3 ауылда тұрақты өткізіліп тұрады. Өңір басшылары алдағы уақытта барлық ауданға енгізуді жоспарлап отырғанын жеткізді. Мерекелік жиын барысында елге танымал өнерпаздар әннен шашу шашса, спортшылар ұлттық ойын түрлерінің көрігін қыздырды.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов.