Балаева: Елдегі ортағасырлық ескерткіштер зерттелмей жатыр
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева осылай деп отыр.
Ел аумағындағы ең әйгілі тарихи-сәулет ескерткіштерінің бірі – Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі екені сөзсіз. Оны Ұлы Жібек жолының ең маңызды орталығы және түркі өркениетінің бесігі деп атау заңдылық. Өкінішке орай, бүгінгі күнге дейін ортағасырлық дәуірдің басқа да ескерткіштері отандық және шетелдік туристердің, сондай-ақ ғалымдар мен зерттеушілердің назарынан тыс қалып тұр – деді министр.
Ол зерттелмей жатқан ескерткіштерге қатысты бірнеше мысал келтірді.
Мәселен, Қарахан дәуірінің аса құнды ескерткіштері – Тараздағы Қарахан мен Айша бибі кесенелері мәдени мұрамыздың маңызды нысандары. Біздің міндетіміз – сол кесенелерге екінші өмір сыйлап, әлемдік мәдени қазына мәртебесін беру, мәдени- тарихи туризмнің танымал орындарына айналдыру – дейді Аида Балаева.
Ол бұл олқылықтың орнын толтыру үшін нақты шаралар қолға алынатынын айтты.
Ол үшін біз жергілікті әкімдіктермен мәдениет және туризм тұрғысынан ғана емес, ғылыми-зерттеу қызметі жағынан да өзара байланыс жасайтын боламыз. Ал бізде мұндай нысандар көп. Олардың барлығы күтімді, ерекше көңіл бөлуді және халықаралық туристік орбитаға енгізуді қажет етеді – деді министр.