Астанада Маңғыстау облысының мәдени күндері басталды
Астанада 7-9 қараша күндері «Маңғыстаудан мың сәлем, Алаш төрі» атты Маңғыстау облысының мәдени күндері өтеді.
Елорда төрінде маңғаз мекеннің мәдени жауһарлары жұртшылық назарына ұсынылады. Үш күн бойы өлке өнерпаздары өнер көрсетеді, деп хабарлайды Kazinform.
Мәдени-рухани іс-шаралар аясында астаналықтарға арнап театр қойылымдары сахналанып, Маңғыстаудың мақамды жыр-дастаны, өңір өнімдерінің көрме-жәрмеңкесі, сондай-ақ әдеби-сазды кештер мен салтанатты жиындар ұйымдастырылады.
«Мәдениет – дүниенің қан тамыры. Руханиятсыз адам баласы өмір сүре алмайды, қоғам болмайды. Маңғыстаудың мәдени күндері біраздан бері Сарыарқа төрінде өтпеген еді. Бұл рухани тамырымызға жан бітіретін іс-шара болатын шығар деп ойлаймыз. Оның ішінде «Маһамы мүшһүр Маңғыстау» деген керемет жоба бар. Бірінші рет үлкен сахнада орындалады», - деді ақын Светқали Нұржан.
«Маңғыстаудан мың сәлем, Алаш төрі!» Маңғыстау облысының Астана қаласында өтетін күндерінің бағдарламасы бойынша 7-8 қарашада сағат қуыршақ театрының балаларға арналған қойылымдары, «Құбылу» спектаклі сахналанады. «Мақамы мәшһүр Маңғыстау» күй кеші өтеді. Маңғыстау өнімдерінің көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылады. «Маңғыстау – ұлттық құндылықтар құндақталған мекен» рухани іс-шарасы өтеді.
Ә.Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің археология, Маңғыстау қазақтарының ХХ ғасырдағы ұлттық киім үлгілері көрмесі, Н.Мұхановтың «Күмбірлейді күмістер» коллекциясынан көрме және қолөнерші Алдаберген Тіленбаевтың сүйектен жасалған картиналарының көрмесі өтеді.
Сондай-ақ 8 қарашада Маңғыстау облысының Астана қаласындағы мәдени күндерінің ашылу салтанатының гала-концерті өтеді.
9 қарашада «Ақиық өлке, алғи-жыр» атты маңғыстаулық ақын-жазушылардың әдеби сазды кеші өтеді. «Қорғансыздың күні» спектаклі қойылады. «Мерейлі мекен – Мұнаралы Маңғыстау» атты Абыл Тарақұлы атындағы қазақ оркестрінің концерті, Маңғыстау күндерінің жабылу салтанаты жоспарланған.