«Шымбұлақ» Еуразиялық альянсқа енді
Қазақстан, Өзбекстан, Ресей және Әзірбайжанның таулы курорттары Еуразиялық альянсқа бірікті.
Еліміз атынан бұл бірлестікке "Шымбұлақ" демалыс аймағы қосылып отыр.
Бұл жайында Ташкентте өтіп жатқан халықаралық туризм жәрмеңкесінде белгілі болды. Жаңа альянс арқылы 4 мемлекет қысқы спорт түрлерін бірлесіп дамытуға ниетті. Мақсат – бір елдің таулы аймағына тоқтаған саяхатшының екіншісінде аялдауына жеңілдік жасау.
Жоба жетекшілері ақпан айына дейін ортақ "ski-pass" әзірлемек. Оған қол жеткізген шаңғышы немесе сноубордшы Қазақстан, Өзбекстан және Ресейдің таулы курорттарында кей қызметтерді тегін қолдана алады. Кейін өзге жеңілдік түрлерін ойлап табу да көзделген. Бұл келісімге алдағы уақытта Әзірбайжан тарапы қосылуға тиіс.
Ринат Әбдірахманов, "Шымбұлақ" таулы курортының бас директоры:
- Мақсатымыз – біркелкі жеңілдік жасау жолдарын үйлестіру. Қазір электронды платформаны әзірлеу жұмыстары жүріп жатыр. Онда деректерді сақтау мен валюта алмастыру мәселелері шешімін табады. Әзірбайжанды осы ортақ жобаға қосу ісі басталды. Біздің қосымшада бір ғана ski-pass-ты рәсімдеп, онымен кейін төрт курортқа саяхаттау мүмкіндігі жасалады.