Дубайда Айғана Ғалидың сурет көрмесі өтті

Қылқалам шебері Айғана Ғали Дубайда жеке көрмесін өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шетелдің белді галереяларына өзінің туындыларын жиі таныстыратын талантты қазақ аруы әмірлік тұрғындарына «Тәңір» атты топтамасын ұсынды. Абстракциялық жанрда бейнеленген 10 суреттің әрқайсысы – бір бүтін шығарма. Автор түс пен пішіндерді ойната отырып, ғалам көрінісін, адамзаттың бүгінгі күйі мен әлемнің сырын жеткізуге тырысқан. Жарықты бейнелей отырып, өзі дүниеге келген қазақ даласы мен көшпенділердің өмірлік философиясын жеткізе білген.

Суретшінің шығармашылығы әралуан. Әсіресе оның матаға салған суреттері жоғары сұранысқа ие. Атап өткен жөн, Айғана Ғали әлемге өзінің «Дала» атты өнер туындыларымен танымал болған еді.

Айғана Ғали, суретші:

- Маған өте нақты көріністер келе бастады. Менің студиямда бұған дейін сызғыш не циркуль болған емес. Шамамен 5 жылдай бұрын ойыма келген айқын картиналарды қағазға түсіре бердім. Туындыларды бірінен соң бірін сала бердім. Сол кезде маған анық философиялық түсінік келді. Бұл «шығармашылық хабарламалардың» қаншалықты маңызды болғандығын қазір жақсы түсінемін.