Қытай төрінде қазақ әндері шырқалды
Қытай астанасында Қазақстанның мәдени күндері өтті. Қос мемлекет мәдени байланысты әлі де дамытып, нығайта түсуге ниетті.
Бейжіңнен келген бейнесюжетті көрейік.
Қазақтың әуелеген әні мен күмбірлеген күйі қытайдың ең үлкен ұлттық сахнасында шырқалды. Мәдени күндер аясында ұйымдастырылған іс-шаралардың ішінде осы концертті жұрт ерекше қабылдады. Роза Бағланова атындағы мемлекеттік ұжымның өнерпаздары бұл сапарға 6 айдан астам уақыт дайындалған.
Думан Әкім, режиссёр:
- Жалпы Қазақстанның мәдениеті, өнері, қалай дамып келеді. Соны көрсеткіміз келді. Өйткені біздің өздеріңіз көргендей өзіміздің фальклорымыз яғни ұлттық өнерімізді көрсеттік. Ұлттық өнерімізбен қоса ұлттық өнеріміздің заманауи түрі яғни заманауи биді көрдіңіздер, заманауи оранжировкаларды естідіңіздер ансамбльдің орындауында сол стяқты заманауи әндер де орындалды.
Өнерпаздар қазақ пен қытай халық әндерін қос тілде орындап көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Жеди Чунг, Бейжің қаласының тұрғыны:
- Қазақстанның мәдени күндеріне құрбым шақырды. Сазды әуен тыңдап, тамаша көңіл-күймен қайтып барам. Өнерпаздардың шығармашылығына тәнті болдық. Қазақ елінің бай музыкасы, ұлттық мәдениетімен таныстық. Бұл іс-шараның Қытай мен Қазақ елінің ынтымағы мен достығын одан ары арттыруға, нығайтуға бағытталғанын жақсы түсінеміз.
Бағдарламада ұлттық домбыра, қобыз, опералық және классикалық өнер көрініс тапты.
Шахрат Нұрышев, ҚР Қытайдағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Бүгінгі іс-шараның екі мемлекет арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға, әсіресе екі мемлекет арасындағы, халықтар арасындағы достықты, тату көршілікті нығайтуға қосатын үлесі зор. Өйткені қазір Қытайда Қазақстанға деген қызығушылық өте зор.
Фестивальге Шанхай Ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысынан бастап, қытайдың мемлекеттік органдары, дипломатиялық корпус, елшілер мен қазақ-қытай достығына үлес қосып жүрген тұлғалар қатысты. Бейжіңде білім алып жүрген студент жастар және қандастар да ерекше сағынышпен тамашалады.
Руслан Бақытбекұлы, Владимир Грабарь, «Хабар-24» Бейжің.