«Хабар» арнасынан көрерменге жаңа түрік телехикаясы жол тартады

Бақытты отбасы болуды армандаған Джаннет тұрмысқа шығады.

Әрдайым жайдарлы, өмірге құштар қыз түбінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналады. Бұл 4 желтоқсан күні «Хабар» арнасында тұсаукесері болатын жаңа түрік телехикаясындағы оқиғаның басты желісі. 

«Шерлі жүрек» жазушы Атике Хинчлердің 2018 жылы жазған романының желісі бойынша түсірілген. Сериалда отбасылық зорлық-зомбылықтың қасіретін көрген әйелдің өмірі баяндалады.

Дана Мырзатай, «Хабар» арнасының бағдарламалық директоры:

- Басты кейіпкер Джаннет есімді әйел өзінің өлімі алдында адвокатқа хат тастап үлгіреді. Адовкат хат негізінде бұл істі зерттей бастайды. Бұл жердегі адвокаттың басты миссиясы – кінәлілерді анықтау және жазалау. Өкінішке орай, бұл барлық жерде болып жатқан үлкен проблема. Сондықтан бұл проблемаға көңіл аударуымыз керек.

Мирас Жақып басты кейіпкерлердің бірі Кемальды дыбыстайды. Дубляж актерының айтуынша, телехикаяның негізгі мазмұны еліміздегі көптеген отбасы үшін өзекті.

Мирас Жақып, дубляж актері:

- Бұл жерде енді басты рольдердің бірі Кемальды дыбыстаймын. Кемаль өмірде бала кезінен теперіш көрген, кішкене қиыншылық көріп өскен жігіт. Өмірді өзінше түсінетін, өзінше көзқарасы бар, көп адаммен тіл табыса алмай қалатын тұстары бар, қызба мінезді жігіт. Оның үстіне Йылмазбен арасында қақтығыстар болады.

Жас қыз отбасылық өмірде қорлық көреді. Жары ішімдікке тәуелді болады. Оның өмірдегі жұбанышы – балалары. Бақытсыз әйел күйеуі өзгереді деп үміттенеді. Алайда жолдасы балаларына да аяушылық танытпады.

Мұратбек Бейсенбаев, дубляж актері:

Менің кейіпкерім – адвокат. Кішкене арамдау келген жігіт. Оның ойы қызды арам пиғылмен өзіне қаратып алуды көздейді. Бірақ ол қолынан келер емес. Басты рольдегі Зейнеп деген қыздың әкесін дыбыстадым. 27 жыл түрмеде отырып шыққан жазықсыз. Зейнепке әкесімін деп айтамын деп жүргенде жүрек талмасынан қайтыс болып кетеді. Біреу зорлық-зомбылық көрсетіп жатса, үндемей бұға бермеу керек. Сыртқа шығару керек, ел-жұртқа айту керек. Мына кинода айтпағанның кесірінен әйел өліп кетті.

Еске сала кеткен жөн, 100 жуық сериядан тұратын «Шерлі жүрек» телехикаясы 4 желтоқсанда «Хабар» арнасында кешкі сағат 20:00 патша көңіл көрермен назарына жол тартады. Күніне 2 сериядан көрсетіледі.

Мирлан Алтынбек, Артур Горшняков