Алматыда XI халықаралық Bastau кинофестивалі ашылды
Халықаралық кинофестивальдің салтанатты ашылуы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өтті.
Байқау шымылдығын режиссер Елдар Қапаровтың «Соғыс тұтқыны» тарихи драмасының премьерасы ашты. «Бастауда» бәсеке жақсы. Биыл дебюттік толықметражды көркем фильмдер бәйгесіне халықаралық айтулы кинофестивальдерге қатысқан 10 картина түседі. Қазақстан атынан Максим Акбаров «Степь» және Дәулетжан Махмұт «Глобус» фильмін ұсынып отыр. Жалпы, кинофестивальге қатысуға 700-ге жуық өтінім түскен. Олардың арасынан 75 картина іріктеліп алынған.
Дәулетжан Махмұт, режиссер:
- Экрандық өнер болғаннан кейін әлемге тез таралады. Бүгін шыққан фильм ертең әлемге танылып жатады. Сол себептен кинофестивальдер әлемдегі фильмдерді екшеп ең үздіктерін ұсынады. Режиссерлар бір-бірімен тәжірибе алмасып, шетелдік фильмдер, қазақстандық фильмдер бірінің кемдігін бірі толықтырып отырады.
Биыл конкурстан тыс бағдарлама да өте қызықты. Фестиваль қонақтарының бірі – әйгілі британдық продюсер Пол Бретт «Фильміңізді әлемге қалай танытуға болады» тақырыбында шеберлік сабағын өткізеді. Кинофестивальдің мақсаты – жас киногерлерді қолдау, шығармашылығын шыңдау.
Сергей Азимов, халықаралық Bastau кинофестивалінің президенті:
- Мен түнгі сағат үште осы 90 синопсисты оқып, қуаныштың шегі жоқ. Біздің жастардың тақырыптарын айтатын болсақ, ойы терең, халыққа елге деген жанашырлығы шексіз. Соны оқыған кезде біздің ұлттық киномыздың болашағы бар екенін, зор екеніне мен кәміл сенемін.
«Бастау» кинофестивалін биыл алғаш рет Францияның Қазақстандағы елшілігі қолдап отыр. Шара аясында Францияның RUBIKA анимациялық мектебі мен Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы және «Қазақанимация» арасында меморандумға қол қойылмақ. 16 желтоқсанға дейін жалғасатын кинофестиваль бағдарламасын «Арман» кинотеатрынан тегін тамашалауға болады.
Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев