«Астана Опера» театры Дубайда өнер көрсетті
«Астана Опера» Біріккен Араб Әмірліктеріне гастрольдік сапармен барды.
Мемлекеттік опера және балет театрының әртістері «Dubai Festival Chorus» шығармашылық ұжымымен бірге Гендельдің «Мессия» ораториясын сахналады. Отандық өнерпаздар мұнымен шектелмей, Чайковскийдің «Щелкунчик» балетін көрермен назарына ұсынды.
Бибігүл Нысанбаева, тілші:
- Арабтардың дәстүрлі «доу» қайығына ұқсатып салынған бұл – Дубай опера. 7 жыл бұрын Пласидо Доминго алғаш опера орындап ашып берген, содан бері бұл театр сахнасында әлемнің кіл мықтылары өнер көрсетеді. Бүгін Дубай көрермендері қазақстандық балет тамашаламаққа асықты. «Астана Операның» Дубайда бұл – алғаш рет өнер көрсетуі.
Қазақстандық балет труппасы хореограф Юрий Григоровичтің қойылымындағы Петр Чайковскийдің «Щелкунчик» балетін ұсынды. Маридің партиясын Айгерім Бекетаева, Мәдина Өнербаева және солист Шұғыла Әдепхан орындап шықты. Щелкунчик-Ханзада ролінде Бақтияр Адамжан, Еркін Рахматуллаев және Данияр Жұматаев, қазақ өнерпаздары Дубай сахнасына «жан бітірді».
Диас Құрманғазы, «Астана Опера» театрының балет солисі:
- Әрбір картина өткен сайын ду қол шапалақпен қошеметтеп жатыр. Біздің театр бұл спектакльмен Испания, Италия елдерінде болған. Біз қазір Дубай операда өнер көрсетіп жатырмыз. Бұл Дубай операда өнер көрсетуіміз – біз үшін маңызы зор, үлкен мәртебе.
Паоло Петрочелли, «Дубай опера» театрының директоры:
- Біз «Астана Операмен» ынтымақтастық орнатқанымызға өте қуаныштымыз. «Щелкунчик» балетін қойған әлемдегі ең жақсы труппалардың бірі деп санаймыз. Сондықтан арнайы шақырту жасадық. Осы 3 күндік қойылымға 10 мыңнан аса көрермен жиналып отыр.
«Щелкунчик» – әлем сахнасында ғасырдан аса қойылып келе жатқан шығарма. Жақсы мен қуанышқа үміт сыйлайтын ғажайып атмосфера, әсерлі сюжет желісі мен сиқырлы музыка көрерменді бірден-ақ баурап алады. Қойылымды музыкалық сүйемелдеген – отандық танымал маэстро Абзал Мұхитдин жетекшілік еткен симфониялық оркестр.
Кристина Бурмайстер, көрермен:
- Сахнада қар жауып, найзағай жарқылдағандай көрінетін бейнеэффект маған қатты ұнады. «Щелкунчик» балетін бұрын да көргенмін, бірақ бұл қойылым шынымен де жоғары деңгейде жасалған деп ойлаймын.
Эндрю Баттисте, көрермен:
- Мен хореографиядан ляззат алдым. Труппа ғажап биледі, ал костюмдер әдемі болды. Жарықтандыру әрбір би мен костюм бөлшектерін тамаша көрсетті.
Бибігүл Нысанбаева, тілші:
- Залда ине шаншар орын жоқ. Билеттер толықтай сатылып кеткен. Ең алғашқы күні Гендельдің «Мессиясын» да көрермен осындай қошеметпен қарсы алған болатын. Қазақстандық труппаның гастролі 4 күнге жоспарланған, 17 желтоқсанға дейін жалғасады.
Авторлары: Бибігүл Нысанбаева, Ералы Тілеуіш.