«Алдар көсе» АҚШ-тан табылды
Америкадан тағы бір қуанышты жаңалық келді.
Сол жақтағы кітапханадан «Алдар көсенің сиқырлы тоны» атты ертегісі табылды. Ағылшын тіліне аударылған бұл туынды 1961 жылы баспадан шыққан Әлем ертегілерінің антологиясына енген.
Түркі жұртына ортақ Алдар көсеге қатысты ертегілердің бірнеше нұсқасы бар екені белгілі. Бұл да біздің тарих үшін құнды жәдігер болары анық.
Ертегіні тапқан біз бұған дейін де таныстырғанбыз, көрермен біледі, АҚШ-тан қазақ тарихына қатысты құнды деректер тапқан – журналист, зерттеуші Дүйсенәлі Әлімақын.
Джордж Вашингтон университетінің Гелман кітапханасында сақталған әлем ертегілерінің антологиясына құндылығы тозбайтын әйгілі Алдар көсенің «сиқырлы тоны» жайлы ертегі енген. Мазмұны шағын болса да, шытырманға толы, ағылшын тіліне осыдан 62 жыл бұрын аударылған бұл ертегі әзірге АҚШ-қа алғаш жеткен қазақ ертегілерінің көш басында тұр.
Дүйсенәлі Әлімақын, журналист:
- Әлем ертегілерінің жинақталған антологиясы, ішінде қазақ ертегісі ретінде Алдар көсені қосқан. Мысалы, Орта Азия халықтарына ортақ кейіпкер ретінде Алдар көсенің бірнеше, тіпті одан да көп нұсқасы бар екенін білеміз. Бірақ мында өзбектің Алдар көсе туралы ертегісі және қазақтың Алдар көсе туралы ертегісі енеді, мында «Алдар көсенің сиқырлы тоны», қысқа ғана ертегіні ағылшын тіліне аударып, осындағы Джейн Лейтон деген кісі ағылшын тіліне аударған. Бұл 1961 жылы Нью-Йоркте баспадан шыққан.
Ал Вашингтондағы Американ университетінде сақталған екінші кітап «Совет одағы, Орталық Азия және Қазақстан ертегілері» деген атпен 1986 жылы жарық көрген. Ағылшын тілінде оқырмандарға жол тартқан жинақтағы ертегі мазмұны мен кейіпкерлердің болмысын қазақ суретшісі Меңдібай Әлин айшықты бейнелеген.
Дүйсенәлі Әлімақын, журналист:
- Өзбек, қырғыз және тәжік, түрікмен, қазақ халқының ертегілерін жинақтап, бір кітап ретінде құрастырған. Мұнда қазақтың бір ертегісін енгізеді «Түс сатып» алу деген. Сәрсенбай деген кейіпкердің, жетім баланың өмірі. Ал мұнда қазақтың далалық бейнесін, бөрі тотемі, міне, қазақ баласы, дала. Барлығын осы суретте жақсы ұштастырған ертегіге. Сосын Сәрсенбай кейіпкердің бейнесі, оның кездескен алуан түрлі қарым-қатынастағы адамдары және сол кездегі қоғамның бейнесі.
Дүйсенәлі Әлімақын ғаламторсыз ғасырда мұхит асып, АҚШ-қа жеткен төл ертегілерімізді заман талабы мен шетелдегі қазақ балаларының талғамына сай етіп, қайта басып шығаруға болатынын айтады. Бірақ ол үшін сан ғасырлық әдеби мұрасы сақталған, мәдениеті бай, тағылымға толы қазақ ертегілері әлі де түбегейлі зерттеуді қажет етеді.
Жалпы қазір АҚШ-та «500 ғалым» мемлекеттік бағдарламасымен тәлім алып жатқан ғылыми қызметкерлер көп. Солардың бірі – Гүлнаш Асхат. Джордж Вашингтон университетінде қазаққа қатысты әлеуметтік зерделеумен айналысып жүр.
Гүлнаш Асхат, Джордж Вашингтон университетінде тағылымдамадан өтуші ғалым:
- Менің зерттеп жүрген тақырыбым – АҚШ-тағы қазақ диаспорасы. Яғни, қазақ тобының әлеуметтік-экономикалық жағдайын, бірегейлігін, мәдениетін, жұмыс күшін және де туған жермен байланысын зерттеу және басқа да мәселелерді зерттеумен айналысып жүрмін. Мысалы, соңғы кезде біраз тың ақпарат табылып жатыр.
Демек алдағы уақытта да ғалымдарымыздың ізденісімен АҚШ-тан құнды деректердің табылуы әбден мүмкін.
Авторы: Айжан Сыдықова.