Астанада манасшының шығармашылық кеші өтті
Астанада белгілі манасшы Баянғали Әлімжановтың шығармашылық кеші өтті.
Қаламгер ұзақ жылдан бері қырғыздың «Манас» жырын жатқа айтып, оны қазақ тіліне де тәржімалады. Мазмұнды шарада оның еңбек жолы мен шығармалары дәріптелді. Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев әдеби кеште жазушыға құрмет көрсетіп, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Екі халықтың мәдени-рухани байланысында «Манас» жыры да ерекше рөл атқарады. Бұл жыр - қазақ-қырғыз байланысын айқын көрсететін асыл қазыналардың бірі. Жырды орындаудың өзіндік дәстүрі және шарттары бар екенін білесіздер. Сол дәстүрді бойына сіңірген азаматтарымыздың бірі де бірегейі Баянғали ағамыз екені даусыз.
Баянғали Әлімжанов, жазушы:
- «Алаш пен Манас» атты кеш тұңғыш рет болып отыр. Мен 40 жылға жуық «Манас» айттым. Аталарымыздың жолының жалғасқанының бір көрінісі секілді. Бір рухани оқиға деп ойлаймын. Өзім оған қуаныштымын.