«Дарын» сыйлығының жеңімпаздары анықталды
Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысуымен "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығын беру жөніндегі конкурстық комиссияның қорытынды отырысы өтті.
"Дарын" сыйлығы 1992 жылдан бастап дарынды жастарды ғылыми, шығармашылық және спорттағы жоғары жетістіктері үшін мемлекеттік қолдау мақсатында тағайындалған.
Әр жылдары түрлі саладағы 320-дан астам азамат аталған сыйлықты иеленген болатын.
Биыл мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктер 340-тан аса кандидатты ұсынды.
Оның ішінде 110 - "ғылым", 21 - "Дизайн және бейнелеу өнері", 27 - "Спорт", 49 - "Театр және кино", 12 - "Эстрада", 10 - "Журналистика", 28 - "Халық шығармашылығы", 32 - "Креативті бастамалар", 28 - "Әдебиет", 30 - "Классикалық музыка". Өтінімнің 9-ы "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығын беру жөніндегі қағидалардың талаптарына сәйкес келмеді.
Өтінімдерді іріктеу бойынша отырыстар 11-15 желтоқсан аралығында өтті. Комиссия құрамына түрлі салаларда елеулі табыстарға қол жеткізген 37 қазақстандық белгілі тұлғалар кірді."Үміткерлердің жетістіктері мен жұмыстары жан-жақты сараланды. Әрқайсысына негізделген шешім қабылданды. 11 жүлдегердің өңірлерден келгеніне қуаныштымын. Бұл жастар үшін үлкен ынталандыру. Озық ойлы жастардың лайықты өкілдері әлі де аз емес. Біз қоғамымыздың және тұтастай еліміздің дамуына үлес қосып жүргендерді қолдап, ынталандыруымыз керек", - деді министр
Жеңімпаздарға "Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты" атағы және диплом, төсбелгі мен ақшалай сыйлық 22 желтоқсанда өтетін салтанатты марапаттау рәсімінде табысталады.
Биыл сыйлықты беру ережелеріне түзетулер енгізілді. Атап айтқанда, қатысушылар 35 жасқа дейін ұлғайтылып, "Қоғамдық қызмет" номинациясы "Креативті бастамалар" ауысты.
Номинация креативті индустрия саласын дамытуға мемлекет тарапынан ерекше назар аударуға байланысты өзгеріске түсті. Осы бағытты ынталандыру өңірлердегі бастамаларға жүйелі түрде назар аударуға, түрлі жобаларды анықтауға және оларды көтермелеуге, ең үздік идеяларды іске асыруға мүмкіндік береді. Креативті бастамаларға ақпарат, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы, мемлекеттік жастар және отбасы саясаты, қайырымдылық, волонтерлік қызмет салаларындағы жетістіктер жатады.
«Ғылым» номинациясы бойынша:
Кенжина Инеш Ергазықызы – «Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті» КЕАҚ-ның «Жалпы физика» кафедрасының зерттеуші-профессоры;
Өтепов Елбек Бахитұлы – «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КЕАҚ - ның «Құрылыс» кафедрасының профессоры.
«Эстрада» номинациясы бойынша:
Абдықалықова Айзада Абдуахитқызы – Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Тайжан Қалмағамбетов атындағы Жезқазған филармониясы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорының әртісі;
Пазылақын Толғанай Ұланқызы – «Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы» РМҚ-ның «Эстрадалық вокал» кафедрасының оқытушысы.
«Классикалық музыка» номинациясы бойынша:
Аманжолова Айгерім Меңдібайқызы – Астана қаласы әкімдігінің «Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік кадемиялық филармония» МКҚК-ның «Классикалық вокал» бөлімінің әртісі;
Алғи Ақбике Ғалымқызы – «Роза Бағланова атындағы Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы» РМҚК-нің Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің әртісі.
«Халық шығармашылығы» номинациясы бойынша:
Долдашев Болат Маханбетұлын – «Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Дина Нұрпейсова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі» КМҚК-ның бас дирижері және көркемдік жетекшісі;
Әбдіберікұлы Бекболат – «Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернаты» ММ-нің «Қазақ халық аспаптары» оркестрінің жетекшісі.
«Дизайн және бейнелеу өнері» номинациясы бойынша:
Касьянов Дамир Рашидович – Шымкент қаласы Білім басқармасының «Балалар шығармашылық мектебі» МКҚМ-нің «Композиция» және «Сурет» қосымша білім беру пәндерінің мұғалімі;
Жапарова Салтанат Аминқызы – «Қазақстан этнодизайнерлер одағының» төрайымы.
«Журналистика» номинациясы бойынша:
Бектас Ақерке Бағдабекқызы – «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы ақпараттық сараптамалық бағдарламалар дирекциясы жедел және саяси жобалар бөлімі «Aқорда» бағдарламасының авторы-продюсері.
«Креативті бастамалар» номинациясы бойынша:
Қопабаев Әділхан Амангелдіұлы – Қазақстан Республикасының Отын-энергетикалық кешенің Ахуалдық-таңдамалы орталығының басқарма төрағасы;
Қуатбаев Айбек Нұрланұлы – «Bugin Holding Corp» ЖШС бас директоры.
«Спорт» номинациясы бойынша:
Айтмұхан Ризабек Қанатұлы – Ұлттық құраманың спортшысы, ересектер арасындағы Азия чемпионатында, жастар арасындағы әлем чемпионатында күміс медаль иегері, еркін күрестен Әлем чемпионы;
Құлымбетова Жібек Алимханқызы – джиу-джитсудан жеті дүркін әлем чемпионы және грэпплингтен әлем чемпионы, самбодан әлем чемпионатының қола жүлдегері, көптеген халықаралық және республикалық жарыстардың жеңімпазы, жүлдегері.
«Әдебиет» номинациясы бойынша:
Хадыр Бахытбек – «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі;
Жылқыбай Мейіржан Сейтжанұлы – «QIT Enterprise» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жобалар менеджері.
«Театр және кино» номинациясы бойынша:
Птыралиев Еркінбек Абайбекұлы – Қазақ ұлттық өнер университетінің «Операторлық өнер, дыбыс режиссура және арт менеджмент» кафедрасының меңгерушісі;
Булатов Фархад Булатович – «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театры» АҚ-ның әртісі.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі