Елорданың мәдени тынысы

Елордада «Ұмай» сыйлығының жеңімпаздары марапатталды. Астана Опера сахнасында өткен салтанатты шарада 29 үміткердің жұлдызы жанды.

Биыл байқауға 300-ден аса өтінім түскен, үздіктер төрт номинация бойынша іріктелді. Шығармашылық адамдарының мерейін өсірген байқау жайында келесі сюжетте.

«Ұмай»

Әп-сәтте Астана опера өнер жәрмеңкесіне айналды. Мұнда суретші де, биші де, тіпті әнші-актер де бар. Барлығы «Ұмай» сыйлығы кімге бұйырар екен деп тағатсыздана күтуде. Көңілде үміт пен күдік қатар арбасқан ең беймаза шақ. Сондықтан ең алдымен жиылғандар «Жарқанат» қойылымын тамашалап, бір серпіліп алды. Оны Қарағанды және Астана баллет труппалары тарту етті.  

Биыл жеңімпазды анықтау оңайға соқпаған. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 300-ден аса өнер иесінің өтініші сараланыпты. Соның 115-і ғана алғашқы сыннан сүрінбей өткен. Ал бағы жанған 27 үміткер «Ұмай» ұлттық сыйлығының иегері атанады.

Өнер иелерін мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтады. Жеңімпаздар 4 номинация бойынша анықталды. Олар: театр, музыкалық-орындаушылық, хореография, бейнелеу және сәндік қолданбалы өнер. Бұған қоса, жеке орындаушылар мен «Үздік балалар спектаклі» аталымы бойынша арнайы сыйлықтар берілді.

Сахна төріне қошеметпен шақырылған үздіктер ақшалай сыйлықтар мен асыл тастан жасалған мүсінше алып қайтты. Осымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырылған шараның жүлде қоры биыл 79 млн теңге. Шығармашылық адамдарына соны шабыт сыйлап, оларды жаңа белестерді бағындыруға жетелейтін байқаудың маңызы зор.

«Диолог»

Сурет, өнер, қылқалам, ақ қағаз. Адамзатпен бірге дүниеге келген, өнерлердің атасы – сурет өнері. Тілден де бұрын адамдар арасындағы жалғаушы, ұлы әрі құдіретті күш. Адам сөзі жеткізе алмайтын қаншама эмоция мен жайттарды сипаттайтын – пейзаж, портрет, арт туындылар. Елордадағы ХАС санат галереясында халықаралық "Диалог" сурет көрмесі өтіп жатыр. Онда отандық қылқалам шеберлерімен қоса әлемге аты мәшһүр суретшілердің картиналары қойылған.

Көрме әр халықтың үнін бір арнаға салғандай. Мұнда отандық қана емес, шет мемлекеттердің қылқалам шеберлерінің туындыларын тамашалауға болады. Қабырғада менмұндалап тұрған әр картина өз алдына бөлек әлем. Тіпті, салыну техникасы мен тарихы біріне-бірі ұқсамайды.

Гарги Кхот, Андрей Нода, Руслан Жүнісов, Киношита Тайка және Полина Крутова. Сурет әлемінде қайталанбас қолтаңбасы бар авторлар. Десе де байқампаз көрермен оларға ортақ бір дүние барын түйсінеді. Ол өнер арқылы адамдарды ойлауға шақыру.

Шығармашылық адамы үшін мұндай іс-шаралардың маңызы зор. Осы арқылы көп жылғы ізденісі мен еңбегін ел алдында паш етеді. Ал көрмеге келушілер бір сәт болса да қарбалас өмірден ажырап, рухани ләззат алып қайтады. Көрме 30 желтоқсанға дейін жалғасады.

Мүсінші

Елордада ерекше мүсіндер жасайтын шебер тұрады. Руслан Жүнісов көлемі кішкентай мүсіндерді ағаштан, өзге де қолда бар материалдардан ояды. Себебі қазір көпшіліктің таңдауы үлкен мүсіндерден гөрі, көруге, ұстауға жеңіл, бірақ шыдамдылық пен төзімділікті екі есе талап ететін – шағын мүсіндерде, дейді автор.

Мүсіншілік өнер қазақ халқында бағзы заманнан бар. Десек те, кішкентай мүсіндерді жасау бағыты енді ғана қанат жайып келеді. Ерекше өнерді серік еткендердің бірі – Руслан Жүнісов.

Айтуынша, бұл өнер оған қанмен дарымаған. Қазақ фольклорына деген зор сүйіспеншілігі оны осы салаға жетеледі.

Руслан Жүнісов, мүсінші:

- Менің Қанат есімді ағам бар. Біз оны еркелетіп – Атаи деп атайтын едік. Онымен қоса, атам Нұрғали және әжем Маржан әртүрлі аңыз-әпсаналар әңгімелеп беретін. Мәселен, ауылға қатысты қызықты әңгімелер мен ұлттық ертегілерімізді дәл осы кісілер арқылы танып-білдім. Әңгіме тыңдағанда кейіпкерлердің бейнелерін есестетіп отыратынмын.

Көзімізге түскені – Мырқымбай және оның отбасы. Қазақтың аңыз-әфсаналары қызықты кейіпкерлерге бай. Оларды балдырғандарға таныту – парызымыз, дейді автор. Руслан Рысбайұлы мүсінші ғана емес, сонымен қатар, ұлағатты ұстаз. Ол өз білгенін кейінгі ұрпаққа үйретіп, бірегей өнерді насихаттап жүр.

Руслан Жүнісов, мүсінші:

- Жалпы қазір шағын мүсін өнері қарқынды дамып келе жатыр. Келер жылы осы өнер бағыты бойынша балалалар және жасөспірім арасында байқау өткізілмек. Яғни сайыс қатарына қосылды. Бұл үлкен жетістік. Өзім Астана қаласында 10 жылдай сабақ беріп келемін. Артымнан еріп, шәкіртім болып, қазір ұстаздық жолда жүрген оқушыларым жетерлік.

Шағын мүсіндерді қызықтап келушілер көп. Бұл дүниелер кішкентай болса да үлкен мәнге ие. Себебі мұнда ұлт мәдениеті қатысты тағылым жатыр.

Назерке Тоқжан, Азиза Насимолла «24.KZ»