Өзбекстандағы айтыста Қазақстан ақыны бас жүлде алды
Өзбекстанда кейінгі 7 жылда алғаш рет халықаралық ақындар айтысы өтті. Жыр додасы жергілікті қазақ мәдени орталығының қолдауымен ұйымдастырылды.
Айтулы аламанға қазақ пен қырғыздың арқалы ақындары жиналды. Ұзын ырғасы 10 жүйрік қатысқан айтыстың бас жүлдесіне 10 млн сом, яғни 400 мың теңге тігілді, ал жалпы жүлде қоры 1 млн теңгеге жуықтады.
Сөз құдіретін тереңінен түсінетін қазақ қашанда ұлттық құндылыққа бай. Қай жерде жүрсе де төл өнерден алыстаған емес. Мұны өзбекстандық қандастар әуелден ұқыпты ұстанып келеді.
Бұл кеште көрермен қыз бен жігіт, аға мен іні, қазақ пен қырғыз арасындағы әзілі жарасқан әдемі айтыстың куәсі болды. Достық һәм ынтымақ ұғымы кең насихатталып қана қоймай, ел мен жерде болып жатқан оқиғалар сұлу сөзбен cуреттелді.
Санабат Сапарбекова, Ташкент тұрғыны:
- Айтыс әдемі болып жатыр. Бұдан артық болмайды. Бәріне рақмет. Жаңа жыл бәрімізге табыс әкелсін. Еліміз, жұртымыз тыныш болсын
Ақындар айтысы 60 жылдан бері жергілікті телеарна эфирінен түспей келе жатқан «Замандас-Дидар» бағдарламасының мерейтойына орайластырылды. Шығармашылық ұжым Өзбекстанның түкпір-түкпірін аралап, қандастардың тыныс-тіршілігін баяндайды. Мәдениеті мен өнерінің дамып, ұрпақтан ұрпаққа мұра боп қалуына қосқан үлесі зор.
Анар Нәлібаева, "Замандас-Дидар" бағдарламасының аға редакторы:
- Көрші қонған ауыл адамдарын құдайдай сыйлаған халықпыз. Сол игі дәстүрдің жалғасына тағы куә болдық. Қазақстан, Қырғызстанның өнер иелерін Өзбекстанның өнер иелерімен бірге достасып, бір-бірлерін қолдап, осы Замандас пен Дидарды жырлап жатыр. Бүгінгі күні Қазақстан мен Өзбекстанның арасындағы жетістіктің бәрі сыйластықтың арқасы.
Жыр бәйгесі 4 сағатқа созылды. Шешуші сында қазақстандық Нұрлан Есенқұлов пен өзбекстандық қандас Талғат Орынбеков кездесті. Ақындар елдік мәселелерді көтеріп, ұрымтал тұста бір-бірін сынап-мінеп те алды.
Тартысты өткен финалдың нәтижесінде бас бәйге Нұрланның еншісіне бұйырды. Ал Талғат бірінші орынға лайық деп танылды. Қырғызстан және Қарақалпақстан атынан сынға түскендер де жүлде еншілеп, еліне олжалы оралды.
Рауан Мыңбаев, «24.KZ», Өзбекстан.