«Хабар» арнасында «Асыл домбыра» жобасының жеңімпаздары анықталады

«Хабар» арнасының жаңажылдық тартуы.

Осы сенбіде көпшіліктің көзайымына айналған «Асыл домбыра» телевизиялық жобасының екінші маусымының жеңімпаздары анықталады. Шығармашылық ұжым екінші жыл айтысты жаңа қырынан, жаңа сипатта көрермен назарына ұсынып келе жатыр. Жоба еліміздің барлық өңірін қамтыды. Бұл жолы ақтық сынға Батыс Қазақстан облысы мен Павлодар облысы шықты. Қайсы өңірдің айтыскер ақындары басым түседі? Оны 30 желтоқсан күні, сағат 16:00-де «Хабар» арнасынан көре аласыздар.

«Асыл домбыра» жобасының эфирге шығуына «Хабар» арнасы мен «Асылтас» қоғамдық қоры ұйытқы болды. Бағдарламаға әр өңірден іріктеуден өткен ақындар келді. Олар команда болып айтысып, өз облысының намысын қорғады. Әр топта 3 суырыпсалма ақыннан бар. Жоба жаңа есімдерді де көпшілікке танытты. Халықтың айтысқа деген құрметін арттыра түсті.

Ғалым Жайлыбай, ақын, қазылар алқасының мүшесі:

- Қазақтың қара домбырасын алып, өз айтары бар ақындар бар. Жастар шығып келе жатыр. Жақсы сөздерін айтып, елдің рухын көтеріп, жаңа Қазақстанның жаңа сөздерін айтып жатқан іні-қарындастарымызға қуанамыз.

Жоба 4 айға жалғасты. 20 команданың төртеуі жартылай финалға шықты. Олар Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Павлодар және Қызылорда облыстары. Ал ақтық сынға Батыс Қазақстан мен Павлодар өңірінен келген от ауызды, орақ тілді  айтыскерлер жолдама алды. Осы киелі өнерді насихаттап жүрген жандардың айтуынша, «Асыл домбыра» халықтың көкейінде жүрген талай сауалға жауап берді. 

Дулат Тастекей, "Асылтас" қоғамдық қорының құрылтайшысы:

- Көптен бері халықтың айтып жүрген айтыстан шынайылық кетіп жатыр. Жаттанды сөздер көп. Айтыста дайындалып айтады, деген сөздерге Асыл домбыра белгілі бір деңгейде 100 пайыз болмаса да айтыстың шынай байырғы шаппа-шаптығымен, суырып салмалығын әкеліп жатыр деп ойлаймыз. «Хабар» арнасының бұл жобаны қолдап, өзінің жылдағы жүйелі түрде жалғасатын жобасы болып жатқаны бізге қуанышты. 

Айтыс десе ішкен асын жерге қоятын өнерсүйерқауым үшін бұл таптырмас жоба болды,-дейді Батыс Қазақстан облысынан келген Жансая Мусина. Оның тобы барлық айналымнан сүрінбей өтіп келе жатыр. 

Жансая Мусина, айтыскер ақын:

- Құрамымыз өте жақсы. Бұйырғанын көреміз. Бергенін аламыз. Жақсылықтан үміттіміз.

Абзал Қабдраш бастаған павлодарлық айтыскерлер де осал емес. Былтыр мегажобаның бас жүлдесі «Асыл домбыраны» Жамбыл облысының өнерпаздары жеңіп алды. Биыл бас жүлде мен 6 миллион теңге кімге бұйырады? Павлодар әлде Батыс Қазақстанның ақындары оза ма? Оны сенбі күні сағат 16:00-де «Хабар» арнасында көрсетілетін «Асыл домбыра» бағдарламасынан біле аласыздар.

Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев