«Қазақ әдебиеті» газетіне 90 жыл толды
Ұлт руханиятының айнасына айналған «Қазақ әдебиетіне» 90 жыл.
Республикалық әдебиет, мәдениет және өнер газеті ұжымын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады. Алматыға арнайы барған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мерейлі басылымның ардагерлері мен қазіргі қаламгерлерін марапаттады. Жиында мерзімді басылымның бүгіні мен болашағы талқыланды.
1934 жылдан бастап жарық көріп келе жатқан «Қазақ әдебиеті» ұлт руханиятының үні іспетті. Апталық басылымда әдебиет пен мәдениет елдің көкейіндегі ойлар да жарық көріп келеді. Қазақ баспасөзінің қара шаңырағына айналған газет ұжымын еліміздің Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева арнайы құттықтап келді. Министр басылымның ұлт тәрбиесіндегі орны орасан, еңбегі зор екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар мемлекет басшысының құттықтауын оқыды.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- Ғасырға жуық уақыт ішінде газет қалың оқырманы бар, беделді басылым ретінде қалыптасып, төл тарихымыздың жаршысына айналды. Төл әдебиетіміздің алтын дәуірі қалыптасуға зор еңбек сіңірген апталық алдағы уақытта да өзіне жүктелген мәртебелі міндетті мінсіз атқара береді деп сенемін. Баршаларыңызға шығармашылық шабыт, толағай табыс, бақ-береке тілеймін. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Қазақ әдебиетінде» ұзақ жыл еңбек еткен ақсақалдарға «Еңбек ардагері» төсбелгісі тағылды. Оған қоса мерзімді баспасөздің қазанында қайнап жүрген қызметкерлер алғыс хатпен марапатталды. Газетке арналған басты сыйлықтың бірі – су жаңа автокөлік кілті табысталды.
Жүсіпбек Қорғасбек, журналист, жазушы:
- «Қазақ әдебиеті» деген газетте қызмет істеп жүріп, мына қоғам қалыпқа салған тәртіптің, стандарттардың адамы болуы мүмкін емес. Бұл жерде бәрібір еркіндік өзінің ықпалын жасап тұрады.
Басылымның бас редакторы Дәурен Қуаттың айтуынша, тарихы терең газет қазір заман талабына сай түрленіп жатыр. Нақтырақ айтсақ, электронды нұсқа жасалып, оқырманға танымал желілер арқылы да жарияланып тұрады екен.
Дәурен Қуат, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы:
- Қазақ әдебиетінің жанында қазір өзінің сайты бар. Бірақ енді үлкен портал ашылады. Мынау газеттегі бай контентті, бай мазмұнды енді біз порталдан көрсеткіміз келеді. Болашақта үлкен сұхбаттар, әңгімелер, «Қазақ әдебиетіне» жарияланған дүниелер осы YouTube каналымызда ары қарай жалғасын тауып, талқыланып жататын болады.
«Қазақ әдебиеті» газетінің 90 жылдығына арналған жиында мерзімді баспасөздің бүгіні талқыланды. Оның ішінде балаларға арналған газет-журналдардың жағдайы айтылды. Қалам ұстаған қауымның пікірінше, басылым беттерін парақтайтын жастардың қатары сиреп барады.
Айта кетсек, қазір мемлекеттік 4 және жекелей қаражатпен жарық көретін 20-ға тарта балалар басылымы бар.
Дүйсен Мүсірәліұлы, «Балдырған» журналының бас редакторы:
- Мен 1985 жылы осы балалар басылымына жұмысқа келгенімде «Ұлан» газетінің өзі 350 мың тиражбен тарайтын, «Балдырған» 230 мың тиражбен тарайтын. Сол кезде Алматыда бір қазақ мектебі бар еді. Қазақтың саны 6 миллион болатын. Республикамыздағы мектеп саны 2500-3000 болатын. Ал қазір, қараңыздар, бір Алматының өзінде 200-ге тарта қазақ мектебі бар.
Мерзімді баспасөз мәселесі айтылған жиынға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаевадан өзге, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев та қатысты. Қос министрлік жас оқырмандардың тұщымды дүние оқып, ұлттық руханиятты ұғынуы үшін жұмыла жұмыс істейтін болды.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев.