«Жошы хан» драмасы сахналанды
«Жошы хан» – бұл тарихи драмалық қойылым.
Сонау Дешті Қыпшақ даласының лебін сездіреді. Жошы құрған мемлекет – бүгінгі отанымыздың қара шаңырағы. Сондықтан бұл спектальдің мазмұны терең, салмақты деп айтуға әбден болады.
Қазақ мемлекетінің бастауында Жошы хан тұр. Бұл жайында Мемлекет басшысы да айтты. Тарихшылар да басбұрғысыз дәйектер келтіреді. Алайда ел-жұрт оның тарихи келбетін танығанымен, адами бейнесін бажайлай алған жоқ.
Қалибек Қуанышбаев атындағы театр әртістері әйгілі қолбасшының ғұмырын спектальге арқау етті.
«Жошы хан» драмасы сахналанды
Жошы – ел тарихындағы есімі ерек тұлға. Оны қазақ хан, сұлтандарының арғы атасына балайды. Ол – алып империя Алтын Орданың негізін қалаған Шыңғыс ханның тұңғыш ұлы. Тарихи драмалық спектакль бұғанасы қатпаған балаң Жошының ержүрек қолбасшыға айналу кезеңін жырлайды. Халықты бір ұлысқа ұйыстырған көреген әке мен оғлан ұлдың ел билеу ерекшеліктері, талғам-түйсіктері баяндалады.
Болат Ұзақов, қоюшы режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
- Біздің қазақтың бәрі – тарихшы. Сондықтан бәріне бірдей ұнай қояды, бәрі бірдей келісе қояды деп ойламаймын. Оған тырысқан да жоқпыз. Біз өзіміздің нұсқамызды ұсындық. Өтйкені біздің мемлекетіміздің бастауы, Президентіміз айтқан сияқты, осы Жошы ұлысынан, Алтын Ордадан басталғаны дұрыс, оған таласу да мүмкін емес.
Назерке Тоқжан, тілші:
- Қойылымының шымылдығы түрілгеннен-ақ көне дәуірдің лебі еседі. Әрбір декорация, әрбір деталь тыңғылықты дайындалған. Тіпті жарық пен музыканың өзі сонау Дешті Қыпшақ даласына сапар шектіреді.
Жаугершілік заманда дүниеге келсе де, Жошының қаны қарайған жоқ. Қойылымда оның гуманистік қыры да қылаң береді. Басты кейіпкердің рөлін Қайыржан Садықов сомдады. Ал қосалқы құрамды қос алғанда шежірені тірілтуге бас-аяғы 43 әртіс жұмылды. Тағылымы терең мұндай дүниелердің жас ұрпаққа берері мол, - дейді көрермендер.
Оңал Өмірзақова, көрермен:
- Біздің қазағымыздың тарихын осы Жошы ханнан бастау керек. Қазір Мұхтар Мағауин жазып жатыр ғой, қазақ тарихын, қазағымының қолына тисе екен, өзіміздің төл тарихымыз болса екен. Осы Жошы ханды дәріптеу керек, жастарға беретін тәлім-тәрбиесі көп.
Елдің елдігі мен тұтастығын сақтау жолында небір сынақтарға төтеп берген ерлердің есімі ұмытылмайды. Драматург-жазушы Думан Рамазановтың шығармасы желісінде сахналанған бұл қойылым театр репертуарын байытып қана қоймай, өнер сүйер қауымның оң бағасын алып үлгерді.
Әбілхан Қастеевтің туғанына 120 жыл толды
Мирас болған мол мұра. Қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі Әбілхан Қастеевтің шығармалары ұлт тарихының жылнамасы іспеттес. Биыл қазақ қылқалам өнерінің атасы Әбілхан Қастеевтің туғанына 120 жыл толды. Осыған орай алматылық кітапханашылар қала оқушыларын тұлғасы биік суретшінің өнерімен таныстырды.
Оның картиналарының ерекшелігін түсіндірді. Қастеев кең даланың тыныс-тіршілігін суретке сыйдыра алатын шеберлігімен ерекше. Қазақстанның халық суретшісінің бір ғана «Талас алқабы» және «Түрксіб» атты картинасы шетелдік өнертанушылар мен коллекционерлердің қызығушылығын тудырған. Осылайша, кітапханаға келген жастар Қастеев шығармашылығына терең бойлады.
Әсел Советбай, «Алмалы кітапханасының» қызметкері:
- Әбілхан Қастеевтің туындылары, сурет өнері, жалпы қазақ өнеріне деген қызығушылық өте басым. Өйткені трендте, өздеріңіз білесіздер, қазақы нақыш, қазақ әдебиеті, қазақ сөздері қазір трендте деп айтсақ болады. Сондықтан да Әбілхан Қастеевтың туындыларын бәрі біледі.
Фрида Калоның қайталанбас картиналары
Алматыда атақты Фрида Калоның шығармашылығына арналған көрме ашылды. Оның есімі сурет әлемінде ойып тұрып орын алады.
Ерекшелігі сол. Фрида Кало – өзін-өзі салған бірегей суретші. 1907 жылы Мексикада дүниеге келген. Бүгінде Фрида Калоның бірқатар картинасы әлемнің атақты мұражайларында сақтаулы. Алайда өнерде жұлдызы жанғанымен, өмір оны көп сынады.
Алматыдағы Люмьер Холл музейіндегі мультимедиялық көрме қылқалам шеберінің тағдырын қалың жұртшылыққа жеткізеді.