А. Балаева Италиядағы қазақстандық жастармен жүздесті

Мемлекет басшысының Италияға сапары аясында бүгін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақстандық студенттермен және өнер саласында жұмыс істеп жүрген жастармен кездесті, деп хабарлайды 24KZ.

Жиынға 20-дан астам отандасымыз қатысты. Әңгімелесу барысында Аида Балаева жырақта жүрген жастармен еліміздегі мәдениет саласының қазіргі даму жайы мен өзекті мәселелерін талқылады. Министр студенттерге оқуда сәттілік тілеп, келешекте Қазақстанға оралып, еліміздің мәдениетін көркейтуге үлес қосады деген сенім білдірді.

Айта кету керек, кеше еліміздің Мәдениет және ақпарат министрі өзінің италиялық әріптесімен кездесу өткізіп, екі елдің өнер саласындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылап, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Әңгімелесу барысында Қазақстандағы Ұлттық музей базасында реставрациялық орталық құру және қос ел мамандарына арналған бірлескен шеберлік сабақтары мен тренингтер ұйымдастыру мүмкіндігі талқыланды. Тағы италиялықтар бізбен бірлесіп, фильмдер түсіруге де қызығушылық танытты.