«Біржан – Сара» спектаклінде «Астана Операның» бірқатар әртісі дебют жасайды
23-24 қаңтарда «Астана Опера» театрының бас сахнасында Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсы ұсынылады.
Басты партияларды түрлі күндері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мейір Байнеш, Бибігүл Жанұзақ, Айгүл Ниязова, сондай-ақ әртіс Бейімбет Таңарықов таныстырады.
Сондай-ақ спектакльде елордалық театрдың жас әртістері Ұлпан Әубәкірова, Алтынбек Әбілда, Валерий Селиванов, Мерей Қадырханов дебют жасайды.
Ұйымдастырушылар алғашқы минуттан-ақ қызықты көрініс болады деп сендіруде. 3D-технологияларды пайдаланудың арқасында табиғат суреттері мен тарихи тұрмыс көрінісі сахнада қайта жанданады.
Еске сала кетейік, 2013 жылы «Астана Опера» театры ұлттық классиканың осы спектаклімен ашылған болатын. Бірнеше жыл «Біржан – Сара» Юрий Александровтың қойылымында жүріп келді. Кейін, 2018 жылы елордалық театр жаңа музыкалық-сахналық редакцияны көрермен назарына ұсынды.
Спектакльдің қоюшы режиссері - Асхат Маемиров, кеңесші режиссер - Михаил Панджавидзе, қоюшы дирижер - Абзал Мұхитдин.
Спектакльдердің басталуы 19.00-де.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі