75 әдебиет және өнер қайраткері мемлекеттік стипендиямен марапатталды

www.gov.kz

Биыл елімізде алғаш рет Президенттік арнаулы әдеби сыйлығы тағайындалды, деп хабарлайды 24KZ.

Алматыда өткен салтанатты жиында оның алғашқы иегерлері марапатталды. Сонымен қатар Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева 2023 жылғы мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияны табыс етті. Стипендия еліміздің 75 әдебиет пен өнер қайраткеріне берілді.

Президенттік арнаулы әдеби сыйлыққа 18-35 жас аралығындағы қаламгерлер қатысты. Сыйлық жас дарынды ақын-жазушылардың жаңа буынын қалыптастыру мақсатында тағайындалды. Байқау талабы бойынша шығарма басқа сайыстарға қатыспаған болуы тиіс. Оған барлығы 53 адам өтініш білдірген. «Проза» номинациясы бойынша «Квант» туындысы үшін Досхан Жылқыбай, ал «Поэзияда» «Қалалық құстар» өлеңдер топтамасын жазған Еділбек Дүйсенов үздік деп танылды. «Балалар әдебиетінде» «Атың озсын, азамат!» топтамасымен Олжас Қасым, «Драматургияда» «Тау көтерген Толағай» драмалық туындысының авторы Айтолкын Ашимова сыйлық иегері болды.

Олжас Қасым, Президенттік арнаулы әдеби сыйлығының иегері:

- Кейінгі уақытта біздің мемлекетімізде балалар әдебиетіне көбірек көңіл бөлініп жатыр. Өйткені бұл кенжелеп қалған жанр болатын. Сондықтан біз осы классик жазушыларымыз Мұзафар Әлімбаев, Жахан Смақов сияқты классиктеріміздің жолын жалғауға тиістіміз деп санаймын. Сондықтан осылай марапаттап жатқаны біздің әдебиетімізге деген қолдау деп білемін.

Айтолқын Әшімова, Президенттік арнаулы әдеби сыйлығының иегері:

- Толағай деген – өте қысқа, жарты беттік қана ертегі. Бірақ фабуласы өте үлкен. Толағай деген балаларға арналған драмалық шығарма ретінде жазып шықтым. Бірақ әлі қойылған жоқ енді ұсынамын. Ендігі жоспарым – оны орыс тіліне аудару. Басқа тілдерге аударып, Толағайды насихаттағым келеді.

Сондай-ақ бүгін 2023 жылғы мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясы табысталды. Еліміздің 75 әдебиет пен өнер қайраткері осы стипендияға ие болды. Олардың арасында елімізге танымал ақын жазушылардан бастап қазақ халқының мәдениетін әлемге танытып жүрген өнер иелері бар.

Назым Сағынтай, «Астана Опера» опера және балет театрының солисі:

- «Астана Опера» театрына 2017 жылы келдім. Биыл 7-ші жыл қызмет атқарып жатырмын. Репертуарымда Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсы, сонымен қатар «Абай» операсы «Қалқаман-Мамыр», «Алпамыс» операсы  шетелдік «Богема» опералары секілді осы операларды айтып жатырмын. Еңбегімізді елеп, мемлекеттік тұрғыдан осындай қолдау көрсетіп, стипендияға лайық деп тапқанына өте қуаныштымын.

Дулат Исабеков, жазушы:

- Мемлекет Президентінің қамқорлығын сезіну бұл жазушылардың өзінің көңілінің ортаймауына, толуына, толыстауына, мүмкін жаңа шығармалар жазып, белсене кірісуіне себеп болатын шығар деген ойым бар.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бұдан былай да осы сала өкілдеріне мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетіндігін айтты. Әсіресе жас дарындарға шығармашылық жағынан өсуіне мүмкіндік жасалады.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон.