Қазақстандық тілшілер Түркияның мәдени астанасын аралады
Ыстамбұл – дарынды дизайнерлердің өлкесі.
Мұндағы бірегей зергерлік бұйымдар мен заманауи киім үлгілері – соның айғағы. Еуропа мен Азияның тоғысында өнердің өркендемеуі мүмкін емес, әрине. Қаланың мәдени өмірін тілшіміз Мерей Мұратханқызы байқап келіп еді.
Бұл нысанды көріп, қайдағы мәдениет деп ойласаңыз, асықпаңыз. Ыстамбұлдағы көне жерасты су қоймасы байырғы қалпын еш жоғалтпаған. Цистерна салынғанға дейін мұнда III және IV ғасырға жататын ұлы Базилик орналасқан. Кейін ол отқа оранады. 542 жылы император Юстиниан I цистерна салдырады. Байқағанымыздай, нысанның тарихы мен тағдыры туристер үшін өте қызық. Тіпті бұл ғимаратта танымал әлемдік фильмдер түсірілген.
Мерей Мұратханқызы, тілші:
- Біз қазір Базилик цистернасында тұрмыз. Бұл нысан Айя София ғимаратымен бір уақытта салынған. Сол заманда мұнда 2 млн тоннаға жуық су сақталыпты. Әрине, қазір ғимарат музей ретінде қолданыста.
Ыстамбұл – Түркияның мәдени және сәндік астанасы. Шоппинг сүйерқауымның мұнда ағылуы бекер емес. Ғасырлардың құрдасындай болған базарлардан бөлек, эксклюзивті заманауи бұйымдар сататын бутиктің де түр-түрі осында. Мысалы, әйгілі Гранд базарда даңқы әлемге тараған Севан Бичакчи, Бегюм Кхан сынды зергерлердің бұйымдары сатылады. Әрқайсысы қайталанбас өнер туындылары.
Эмре Дилавер, зергерлік дүкеннің менеджері:
- Севанның туындылары ешкімді бейжай қалдырмайды. Әлемнің түкпір-түкпірінде клиенттеріміз бар. Барлық бұйым бір-бірін қайталамайды. Құдды византиялық және Осман стильдері тоғысып жатқандай. Бірегей бұйымдардың талай айтулы марапаттарға ие болуы тегін емес деп ойлаймын.
Ал стилі бөлек дизайнер Мехтап Элайдидің киімдері әсіресе Араб елдерінде танымал. Түрлі тақырыпты қамтитын коллекциялар қалтасы қалың және қарапайым тұтынушыны да риза етеді. Қазір дизайнер «Айя София» топтамасын дайындап жатыр.
Мехтап Элайди, дизайнер:
- Киімдерімізді Дубай, Мысыр, Америка, т.б. елдерге шығарамыз. Барлығы сапалы түрік матасынан тігіледі. Әр коллекцияның өз тақырыбы бар. Әрқайсысына міндетті түрде ақ жейде қосамыз.
Бұл – 60-ыншы жылдары әлемдегі ең танымал өнер орталықтарының бірі ретінде салынған Ататүрік мәдени орталығы. Ол осыдан 3 жыл бұрын қайта қалпына келтіріліп, пайдалануға берілді. Таксим алаңындағы кешенде 2040 көрерменге арналған Опера залы орналасқан. Бұдан бөлек, музейлер, мейрамхана, 2 кітапхана шоғырланыпты.
Мерей Мұратханқызы, тілші:
- Түркияға әйгілі дизайнер Виталий Хакконың атына берілген кітапхана – бұл. 5 қабатты нысанда, көріп тұрғандарыңыздай, түрлі тақырыптағы кітаптар қоры жинақталған. Осы кітапхананың 3 қабаты креативті индустрия тақырыбына арналған екен. Ең бастысы, сырттағы шу мұнда есілмейді. Яғни, оқырмандардың алаңсыз ізденуіне толық мүмкіндік жасалған.
Түркітілдес елдердің тілшілеріне арналған турды Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі ұйымдастырған. Ал қазақстандық тілшілердің сапарына Түркітілдес журналистер қоры себепші болды.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Бағдат Қайыркен.