Балалар әдебиеті классик-жазушысының туғанына 100 жыл толды

Биыл балалар әдебиетінің классигі, жазушы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толып отыр.

Қаламгер Алматы облысы Нарынқол өңірінде туды. Таулы аймақтың әсем табиғаты мен адам тағдырын шығармаларына арқау етті. Оның «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат» сынды қазақ әдебиетін байытқан тамаша туындыларын әлем таныды. Жазушы мерейтойына орай Қонаев қаласында әдеби-cазды кеш ұйымдастырылды.

Бердібек Соқпақбаев қазақтың сөз өнеріне өзгеше өрнек, ғажайып сыр-сипат алып келген қаламгер. Балалар мен жасөспірімдерге арналған көптеген әңгіме, повестері жарық көрді. 

Ал «Менің атым Қожа» повесінің желісі бойынша түсірілген фильм жазушы атын әйгіледі. Жарты ғасырдан аса уақыт өтсе де бұл кино көрерменнің ыстық ықыласына ие болып келеді. 

Нұрлан Сегізбаев, кинодраматург, актер:

«Маған да қарасыңыз 12 жастағы балаға ұқсамаймын ғой. 60 жыл өтті  киномызға. Бірақ Қожа деген кітапта болса да, кинода болса да ол біздің арамызда. Неге десеңіз, қазақтың қара сөзі ешқашан өлмейді»

Бердібек Соқпақбаевтың ұлттық мәдениет мен әдебиетке сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Мерейтойлық кеште қаламгердің қызы Самал Соқпақбаева әкесі туралы жарқын естеліктер айтты. Биыл жазушының туған жері Нарынқол ауылындағы саябаққа қаламгер есімі беріліп, еңселі ескерткіш орнатылады. Сондай-ақ Қонаев және Алатау қалалырында көше атауларын беру жоспарланып отыр. 

Жанарбек Әшімжан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

«Өмір бақи мемлекеттік, ресмит бағалауға ие болмаған бірақ халықтың жүрегіне жол тапқан некен саяқ жазушылар бар. соның бастауында Соқпақбаев тұр. Бұл ұлт әдебиетінің тойы. Әдетте Бердібек Соқбақпаевты балалар әдебиетінің жазушысы дейді. Ол ұлт әдебиетінің классигі». 

Дүйсен Мағлұмов, «Балдырған» журналының бас редакторы:

«Бердібек атамыздың 100 жылдығын бүкіл ел болып халық болып ЮНЕСКО көлемінде аталып өтейін деп жатыр. Бұл үлкен қуаныш. Бекеңнің шығармашылығы бүкіл әлемді шарлап жүр десек, Қожа әлемді шарлап кетті десек артық айтқандық болмайды. Ол біздің әдебиетіміз үшін үлкен абырой». 

Жазушы «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Балдырған» журналында, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында жұмыс істеген. «Бозтөбеде бір қыз бар», «Өлгендер қайтып келмейді», «Қайдасың, Гауһар» секілді шығармалары көптеген шет тілдеріне аударылып, сахналық, экрандық нұсқаға айналған. Ақын-жазушылар Соқпақбаевтың адами тұлғасына тоқталып, артында қалған мол мұрасы әлі тереңнен зерттелетінін айтады. Кеш соңында өнерпаздар театрландырылған көрініс жасап, белгілі эстрада жұлдыздары әсем әндер шырқады.

Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев, Аманжол Жөнкешов