Зер қадірін зергер білер
Зергер адам зерделі адам деген халқымыз.
Күн бойы бар уақытын щұқыма жұмысқа арнап, әр салған оюына бар мейірін төгетін зергердің жұмысы оңай емес.
Иә, бүгін қолынан өнер тамған зергерлер күні. Алтын қолды шеберлеріміздің әр туындысы тарих.
Ертай Сарсенов - жеті атасынан бері күмістен бұйым соққан зергер. Кішкентайынан әке өнеріне қызығып өскен ол бұл металдың бар сырына қанық. Күміс - сәндік бұйым ғана емес, адам денсаулығына да пайдасы зор дейді.
Ертай Сәрсенов, зергер:
- Әлемде мысалы миллиондаған бактерия болса, соның адамның ағзасында зиянды 1500 түрлі бактерия түрі бар екен түрлі ауру туғызатын. Соның 650 түрін осы күміс өлтіреді екен. Ата-бабаларымыз соны білген екен. Осы күмісті көп қолданған екен.
Адам баласы ағзада қандай ауру бар екенін де күміс арқылы анықтаған. Емдік қасиеті де бар. Мысалы, мойынға тағылған алқадағы немесе шылдыр шүмекке тағылған жүзік қан қысымын түсіреді. Ал сұқ саусаққа тағылса ішектің жұмысын жақсартады.
Ертай Сәрсенов, зергер:
- Бүйрек мысалы бізде медицина тілінде фильтр ғой. Яғни адамның қанын тазалайды. Егер бүйрек дұрыс жұмыс істемесе оны дұрыстап тазаламаса қанды адам терлеген кезде термен бірге шлактың бәрі шығады ғой. Термен бірге аурудың бәрі шығады. Сол кезде мына күміс сілтілі қышқылды жағдайда тез қараяды, тез өзгереді түсі. Сол кезде көрсетеді адамның денесінде ақау бар екенін.
Халқымыз күмісті тұрмыста да аса жоғары бағалаған. Бұрындары құдайы қонақ болып келген жан әйел адамның қолында күмісі болмаса қолынан ас ішпеген дейді. Яғни күмісті ошақ қасының тазалық айнасы деп таныған.
Досымбек Қатран, тарих ғылымының кандидаты:
- Ағылшында күмісті стерлинг деп айтады. Стерлинг деген сөз орысшаласақ стерильный дейді. Стерильный дегеннің өзі тазалау дегенеді білдіреді. Бұл тек әйел адамға ғана қатысты емес, ер адамдарға да қатысты. Мысалы аттың ер тұрманы, күміс жүгені, ердің алдыңғы қасы, үзеңгінің өзін күміспен қаптап қояды. Күміс жалпы арам нәрсені аластайды.
Күмістің осынша пайдасын аңғарған бұрынғылар оны тұрмыста көп қолданып, келе-келе сәнге айналдырған сыңайлы. Әйтпесе қазақ құранды ерге алтын таппай қалған жоқ. Бір есептен көз, сұқтан сақтайды деп білді. Қолдан қолға өткен талай дүниелерді сол себепті күмістен соққан дейді зергерлер. Әшекей бұйымдарға ою-өрнектерімізді, өз таңбаларын бедерлеген. Күмістің қадірін білген Ертай Сәрсенов те әр жасаған дүниесіне салт дәстүр тұрғысынан қарайды. Өйткені қолөнер - ата бабадан қалған мирас қана емес, тұнып тұрған тарих.
Зарина Кәп, Мерей Талап