Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында үш премьералық қойылым сахналанады

Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында алдағы ақпан, наурыз айында үш премьералық қойылым сахналанады.

Өнер ұжымында қазір тұсаукесерге қызу дайындық жүріп жатыр. Бұл театрға соңғы 2 жылда 20 жас актер жұмысқа тұрған. Оларға жергілікті билік тарапынан қандай қолдау көрсетіледі? Жалпы театрдың бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Жетісу облысындағы тілшіміз Ардақ Айбарұлы тарқатып айтып берсін.

Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры еліміздегі жарты ғасырлық тарихы бар іргелі өнер ұжымы. Оның іргетасын 1975 жылы 7 қарашада Қазақстанның халық артисі Шолпан Жандарбекованың тікелей шәкірттері Кендебай Темірбайұлы, Серік Нұрхалық, Әлихан Ыдырышева, Мәкен Нұрмұханбетова, Мұсақожа Әжібеков және Алмахан Кенжебековалар қалады. Жақында аталған өнер ұжымының көркемдік жетекшісі қызметіне еліміздегі талантты режиссерлердің бірі Данияр Базарқұлов тағайындалды.

Қуаныш Сұлтанұлы, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:

- Бикен Римова театры былтырғы 2023 жылдың өзінде халықаралық деңгейдегі, республикалық деңгейдегі 7 фестивалға қатысып, соның төртеуінен арнайы жүлде алып келуі ол біз үшін үлкен мәртебе, үлкен жетістік деп білеміз. Бұл шыққан белесімізді төмендетіп алмас үшін, осы деңгейді ұстап қалу үшін басшылықпен ақылдаса келе, облыс әкімімен кеңесе келе, біз Данияр деген азаматты театрымызға көркемдік жетекші қылып шақырып отырмыз. 

Театрға арнайы шақыртумен келген мамандарға қызметтік пәтер беріледі. Ал жастар жатақханамен қамтамасыз етіледі. Жергілікті билік өкілдері өзін жақсы жағынан көрсете білген бекзат өнер иелерінің әлеуметтік жағдайын жақсартып, оларды тұрақты жұмысқа алып қалуға тырысатынын жеткізді.

Данияр Базарқұлов, режиссер:

- Мұғалім спектаклімен келіп кеткен едім өткен жылы. Көрерменнің ықыласын көріп, жалпы бұл жақтың халқы өнерге жақын екенін байқаған болатынмын. Театр ғимараты керемет жағдайда. Свет жағынан болсын, музыкалық жағынан болсын залдың әсемдігі барлық жағынан көңілден шықты. Актерлары да өте дарынды.

Театрда қазір алдағы ақпан, наурыз айында сахналанатын үш қойылымның репетициясы жүріп жатыр. Олар кіші формада өтетін иммерсивті бағыттағы «Таптым-ау сені», «Күйеу бала» және «Кездесу мен қоштасу» спектаклі. «Күйеу баланың» атауын режиссер Данияр Базарқұлов «Қазақтың тойы бітпесін» деп өзгерткен. Данияр адамның ойын дүр сілкіндіретін психологиялық бағыттағы драмалармен жұмыс істегенді ұнатады.

Алмахан Кенжебекова, актриса:

- Қазір бір емес, екі режиссер жұмыс жасап жатыр. Бұйырса келесі жылы 50 жыл театрымызға. Енді осыдан былай қарай жастар бұрқыратып, театрдың деңгейін жоғары, жаңа бағытта, үлкен бір шабытпен еңбек етеді, көтереді деп сенеміз.

Алмахан Кенжебекова өткен жылы «Ұмай» ұлттық жүлдесі мен мемлекеттік стипендияның иегері атанды. Театр сыншыларының шешімімен берілетін «Ең мықты актриса» жүлдесін де жеңіп алды. «Оның бәрі еңбекпен, ізденіспен келеді. Ол үшін кейінгі жастар біздің жолымызбен жүріп, қазақ өнерін биік деңгейге көтеруге барын салуы тиіс», – деді актриса. 

Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов

Қызылорда облысынан құнды жәдігер табылды

Қызылорда облысындағы сирек кітаптар қорынан аяттары шөппен боялған «Құран Кәрім» табылды. Төрт жүз қырық төрт беттен тұратын қолжазба  148 жыл бұрын жарық көрген. Бұл жәдігерді кітапханашылар қолына жергілікті тұрғындардың бірі табыстаған. Кейбір беттері әбден тозып, жыртылған діни кітап қайта қалпына келтіріліп, өңдеуден өткізілді. Ең ескі кітаптар қатарында 1824 жылы парсы тілінде басылған «Жүсіп – Зылиха» жыры мен түрік тіліндегі Қожа Ахмет Ясауидің Диуани Хикметі де бар. Жалпы облыстық кітапхананың сирек кітаптар қорында 13-19 ғасырларды қамтитын мыңнан астам құнды кітап жинақталған. Оның 650-ге жуығы қайта қалпына келтірілді. Ғасырлар қойнауынан сыр шертетін  бай мұраны жинақтау үшін ел ішін аралау жұмыстары жалғаса береді,-дейді мамандар. 

Гүлдерайым Қосназарова, кітапхананың бөлім меңгерушісі:

- Ұлы Жібек жолы деген кітапханалардың экспедициясы құрылды. Аудан, ауылдарды аралап, адамдардың қолдарынан жиналып, жасақталған ең бірінші кітаптар. Қалпына келтіру секторы ашылып, өзіміз қайтадан қалпына келтіріп жатырмыз осы кітаптарды. Жан-жағы жыртылған, су тиген, солардың барлығын қалпына келтіріп, оқырманға қолжетімді болу үшін барлық кітаптың нұсқасы электронды көшірмеге көшірілуде.

Талдықорғандағы көркемөнер галереясында өткен «Jetisu book fair» атты кітап жәрмеңкесінде жергілікті тілдерді дамыту әдістемелік орталығы Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханаға 500 дана кітап тарту етті. Ол Алаш арыстарының туындылары мен тіл білімі ғылымына қатысты еңбектерден тұрады. Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырған жәрмеңкеге 500 дана кітап шығарылған еді. Осы іс-шара барысында соның тең жартысы сатылып кетті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, классикалық туындылар мен балаларға арналған шығармалар, жас авторлардың еңбектері жақсы өткен. Кітап мерекесіне арналған апталық аясында классикалық музыка кеші мен викториналық ойындар, тоғызқұмалақ, шахмат турнирлері де ұйымдастырылды. Жетісудан Арқа төсіндегі Астанаға  алдағы ақпан айында кітап керуені жолға шығатынын да айта кетейік.

Әйгерім Болатқызы кітап дүкенінің өкілі:

- Бұл жерде өткені бізде көркем әдебиет, балалар әдебиеті және психологиялық кітаптардың сұранысы өте жақсы болды. Бағасы дүкендегілерден арзан болды. Сол себепті студенттер, оқушылар, мұғалімдер осы жеңілдік аясында өздері іздеп жүрген кітаптарды алып қалуға тырысты.

Қуаныш Сұлтанұлы, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:

- Мәдениет және ақпарат министрінің кеңесшісі Серік Әбікенұлының ұсынысымен біз «Жетісу – кітап керуені» деген тақырыппен Ұлттық кітапханаға жол жүріп бара жатырмыз. Арнайы кітап акциясын апарып, сол жаққа табыстап, өткізу бағытында. Бұл үрдіс жыл сайын жалғасады деген ойдамыз.

Нью-Йоркте қазақстандық қылқалам шебері Даяна Бейсенованың сурет көрмесі өтті. Іс-шара  Түркияның Бас Консулдығында  ұйымдастырылды. Даяна Бейсенова бала кезден өнерге ынтық болып өскен. Кейін Лондонда дизайнер мамандығын оқып, білімін жетілдіреді. Нью-Йорк өнер академиясының магистратурасын бітірген. Талантты суретші шығармаларының негізгі идеясы - адам ақыл-ойының жұмыс істеу ұстанымдарын түсіну, соны қағаз бетіне түсіру. Қылқалам шебері өзінің туындыларын Түркия консулдығына сыйға тартты.

Қазақтың Моцарты атанған Рахат-би Әбдісағын Еуропаға тур жасайды. Ақпан-наурыз айлары аралағында дарынды композитор әрі пианис Ұлыбританияның 4 бірдей қаласында шығармашылық кеш өткізеді.  Рахат-би 10 жасынан музыка жаза бастаған. Ал 14 жасында "Математика және заманауи Музыка" атты ғылыми еңбегін жарыққа шығарды. Оның туындылары бүкіләлемдік музыка қорына еніп, қазіргі таңда Прага, Лондон, Париж сынды әлемдік сахналарда орындалып жүр.