Венеция көрмесінде еліміздің ұлттық павильоны ашылады

Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінде «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Асқар Нұрболаттың «Ғалам» атты жеке көрмесі ашылды, деп хабарлайды 24KZ.

Онда жас суретшінің 50-ден астам картинасы қойылған. Автор отбасы құндылығын, өмірдің әсемдігі мен табиғат сұлулығын шығармаларына негізгі арқау еткен.

Қара түстің ғажабы

Қара нүкте. Cәулет Жәнібектің елордада ашылған сурет көрмесі осылай аталды. Қылқалам шебері адам бойындағы түрлі сезімдерді ұлттық тақырыпта салған. Оның заманауи туындылары көрерменге ой салады. Көбіне картинадағы персонаждардың бет-әлпеті жұмбақ қалған. «Бұл – тарих пен қазіргі адамзаттың кейпін ұштастыра отырып, көрсету», - дейді автор.  Суретші өз еңбектерінде экология, адамзаттың күйреуі сынды бірқатар әлеуметтік мәселені де қозғайды.

Сәулет Жәнібек, суретші:

- Маған адам, технология және табиғат – осы үшеуінің байланысы қызық. Мақсатым – көрермен ойында сұрақ қалдыру. Адамдар картиналарды көрген кезде сұрақтар туындайтындай салғым келеді.

 

Венеция көрмесінде ұлттық павильон ашылады

Қазақстанның ұлттық павильоны 60-ыншы Венеция өнер көрмесінде ұсынылады.  Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.  Әлемнің беделді көрмелерінің біріне қатысу бойынша қажет шаралар қабылданған. Жаһан тұрғындары көрмеде қазақ шеберлерінің «Жерұйық» көкжиектен тыс көзқарас» жобасымен танысады. Бұл экспозиция жер туралы ежелгі аңыздың желісінде жасалған. Мерейтойлық өнер биенналесі 20 сәуір мен 24 қараша аралығында 7 ай бойы өтеді. Халықаралық өнер көрмесі тұңғыш 1895 жылы ұйымдастырылып, содан бері өнер әлеміндегі айтулы  оқиғалардың біріне айналды. 2022 жылы оны 800 мыңнан астам адам тамашалаған.

 

Көпұлтты «Бірлік» ансамблі құрылды

Елімізде сан ұлттың өнерпаздарын біріктірген «Бірлік» ансамблі құрылды. Шығармашылық ұжым елордадағы Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық ұйымына қарайды.

Басты мақсат – өскелең ұрпақты түрлі ұлттың мәдениетімен таныстыру, сан ұлыстың басын қосқан Қазақ елінің ынтымағын бекемдеу. «Бірлік» - Қазақстанның брендіне айналатынына сенімдімін», - деді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

Айта кетейік, қазіргі таңда елде 25 ансамбль бар. Ал «Бірлік» ТМД елдері тарихындағы тұңғыш көпұлтты ән-би ұжымы болмақ. Жаңа құрам Алғыс айту күніне орай жергілікті жұртқа алғашқы концертін береді.

 

Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығына арналған концерт өтті

Қонаев қаласында Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығына арналған «Туған жер» атты концерт өтті. Іс-шараға 13 жасында боздаланың бозторғайы атанған дүлдүл әншінің қызы Төрткен Кененқызы құрметті қонақ ретінде шақырылды. Көрермен филармонияның жеке орындаушылары мен «Алтынай» мемлекеттік халық биі ансамблінің және «Адырна» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің өнерін тамашалап, халық әндеріне сусындап қайтты. Қазақ өнерінің алтын қорына «Бозторғай», «Көкшолақ», «Базар-Назар» сияқты 100-ден астам тамаша ән қалдырып, Жетісудың ақиығы атанған, ой мен әсем әннің кеніші Кенен атамыздың 140 жылдық мерейтойы осылайша Алатау баурайынан басталып жатқан жайы бар. 

Данияр Құрамысов, Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының директоры:

- Кенен Әзірбаев атамыздың өнерлілігі және өзінің ақындығы, жалпы осы атамыздың 140 жылдығы бүкіл Қазақстан бойынша тойланады деп ойлаймыз. Енді Жамбыл облысының тумасы болғанымен, осы Жетісудың мектебін жалғастырған, Жетісудың ақиық ақыны саналғандықтан, біз деген өзіміздің бастаманы осы Алматы облысында өткізіп жатқан жайымыз бар.