Ұйғыр театрының құрылғанына 90 жыл толды
Биыл Құдыс Қожамияров атындағы ұйғыр музыкалық комедия театрының құрылғанына 90 жыл.
Мәдениет ошағының тарихы 1934 жылдан бастау алады. Сол кезде «Анархан» музыкалық драмасымен шымылдығын ашты. Содан бері театр артистері ондаған қойылымды сахналады. Спектакльдер қазақ және орыс тілдерінде ілеспе аудармамен жүреді.
Ұйғыр театрының тарихы тереңде жатыр. 1918 жылы Алматыда «Аз санды ұлттар клубы» ұйымдастырылып, оның құрамында ұйғыр, татар, өзбек драма үйірмелері жұмыс істей бастаған. Сол клубта алғашқы пьесалар қойылған. 1934 жылы облыстық ұйғыр музыкалық драма театры болып құрылады. II дүниежүзілік соғыс кезінде өнер ордасы Алматы облысының Шелек кентіне көшіріледі. 20 жылдан кейін Алматыға қайта оралған. Содан бері көрермендерінен алыстаған емес.
Ділмұрат Бахаров, Қ.Қожамияров атындағы ұйғыр музыкалық комедия театрының директоры:
- Биыл біз үшін ерекше жыл. Театрымыздың 90 жылдық мерейтойы аясында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен іс-шаралар ретін белгіледік. Туркияға гастрольға барамыз. Оған Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымы да қолдау білдіріп отыр. Оған қоса музыкалық спектакльдер фестивалін өткізу туралы жоспарымыз бар.
Мәдениет ошағы 1964 жылдан бастап республикалық ұйғыр музыкалық драма театры деп атала бастаған. Араға үш жыл салып, музыкалық комедия театры атанады. 70 жылдық мерейтойына орай, КСРО-ның халық әртісі, сазгер Құдыс Қожамияровтың есімі берілген.
Гүлбаһар Масирова, Қ. Қожамияров атындағы ұйғыр музыкалық комедия театрының бөлім меңгерушісі:
- Біздің театр көптеген елге гастрөлдік сапармен барды. Түркия, Венгрия, Пәкістан, Португалия. Бірқатар елге ұйғыр өнерін апарып, таныстырдық. Біздің театрды алғашқы күннен бастап қазақ зиялы қауымы өте жақсы қолдады. 1936 жылы Ғабит Мүсірепов өзінің "Қозы Көрпеш-Баян Сұлу" шығармасын жазып, Қазақстан бойынша ең бірінші біздің театрға берген.
Қазір театр репертуарында «Назугум», «Рәнагүл», «Махмут Қашқари», «Ләйлі-Мәжнүн» сияқты ондаған спектакль бар. Соның ішінде бірнеше жылдан бері театр сахнасынан түспей келе жатқан қойылымдар бар.
Әзизжан Искандаров, режиссёр:
- «Біз «Назугумды» жаңалап екінші рет ұсынып отырмыз. Алғаш рет 1970 жылдары қойылған. 2015 жылы жазушы Тұрған Тоқтамовтың романының желісімен спектакльді қайта сахналадық. Бұл шығарма халқының азаттығы үшін, өзінің махаббаты үшін күрескен қыз Назугумға арналады.
Бүгінде театр репертуарында ұйғыр драмасымен қоса орыс, өзбек, қырғыз, башқұрт, әзербайжан, грузин және қазақ жазушыларының шығармалары бар. 2016 жылы мәдениет ошағы күрделі жөндеуден өтіп, қажетті құрал-жабдықтармен толықты. Театр ұжымы музыкалық комедия жанрына, оған қоса балаларға арналған шығармаларға да назар аударуды жоспарлап отыр. Ал 90 жылдық мерейтойын маусым айында атап өтеді.
Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев