Ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовтің ең алғаш баспадан шыққан кітабы табылды
Тұрмағамбет Ізтілеуовтің ең алғаш баспадан шыққан кітабы табылды.
Құнды мұраны ауылдастары ақынның атындағы мектептің мұражайында сақтаған.
Әріптері ескі машинкамен терілген екі томдық кітап әйгілі Фирдауси «Шахнамасының» бір бөлігі, - дейді мамандар.
Тұрмағамбет ауылындағы мектеп жанында «Сыр елі - жыр елі» атты музей бар. Жүз ақын туған ауылдың тарихымен осы жерде танысуға болады. Ұлттық өнерге қатысты жүздеген жәдігер отыз жылдан бері осында жинақталып, кейінгі буынның назарына ұсынылады. Соның ең құндысы Фирдаусидің «Шахнама» дастанының аудармасы.
Айымжан Бектасова, музей меңгерушісі:
- Тұрмағамбет ақын репрессияға ұшырағаннан кейін бұл кітап Шахнаманы жұбайы Биға әжеміз сақтап, оны жер астына көміп, бізге дейін осылай жеткізген екен. Бізге бірінші көшірмесі берілген. Бірінші кітабы Жәмшитнама, екінші кітабы Дарапнама деп аталады. Оны Тұрмағамбет ақынның баласы өз қолымен берген болатын.
65 жыл бойы сақталған бұл баға жетпес мұраны облыстық сирек кітаптар қорына бірнеше рет сұратқан. Бірақ ауыл үлкендері ұлы шайырдың туған жерінде көне кітабы болу керек деп шешкен. Ғылыми ізденістеріне мәлімет алу үшін кейбір ғалымдар Тұрмағамбет ауылын іздеп келеді.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Мыңдаған жолдан тұратын бұл әйгілі шығарманың қазір аудио нұсқасы да бар. Дегенмен, ең алғышқы көшірмесі 1959 жылы баспадан шыққан. Мамандардың айтуынша Тұрмағамбет Ізтілеуов 30 жыл бойы жазылған осы Шахнаманы небәрі бір жылдың ішінде аударып шыққан.
Мұражайда ақынның кітабынан бөлек, шапаны, көзілдірігі, сия сауыты мен кездігі де бар. Назым сөздің шебері тұтынған бұйымдар мен рухани мұрасы ауыл жастарына шабыт береді, дейді ұлттық өнерді ұлықтаған ұстаздар.
Ләззат Байқадамова, музыка пәнінің мұғалімі:
- Ақын атамыздың қазір бізге жәдігер ретінде де, артында қалдырған өзінің рухани байлығы ретінде ұрпақтары оның жырларымен сусындап, ауылымыздың мәдениет үйінің жанынан ашылған Жиенбай жырау мектебі, Тасберген жырау мектебі бар. Сол мектептерде өздерінің жүз шайыр шыққан мекеннің өнегелі ұрпағы ретінде білімін жалғастыруда.
Тұрмағамбет ауылында текті өнерді жалғастырушы жастар көп. Ауылдағы мектепте 349 бала білім алса, соның 170-і қос ішекті аспаптың құлағында ойнайды. Жыршылық өнер – өміршең қазына деген осы болар.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев