Түркістанда «Баскиімдер әлемі» көрмесі ашылды
Көрмеде онға жуық түркітектес халықтың әр заманда киген баскиім үлгілері ұсынылды.
Олардың ішінде қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, әзербайжан, түрік және славян халықтарының да ұлттық баскиімдерін көруге болады. Дені әйелдердің баскиімі. Сонымен қатар көрмеге қатысушылар әр ұлттың баскиімін киіп шығу тарихымен танысты. Қатты қағаздан жасалған үлгілерін түрлі моншақтармен өздері безендіріп көрді.
Көрмені ұйымдастырушылар негізгі мақсатымыз - қай елде қандай түрі болмасын бас киімнің құрметке лайық екенін көрсету, дейді. Мамандардың айтуынша, ежелгі дәуірде баскиім биліктің символы болған. Тек ақсүйек, бай-бағландар ғана биік, сәнді бөріктер мен қалпақтар киген. Баскиімі неғұрлым үлкен, биік болған сайын оның иесінің дәрежесі соғұрлым жоғары болғанын көрсетеді. Баскиімдер әр жердің өзінің табиғи ерекшелігі мен ауа райына байланысты өзгеріп отырғанын айтады.
Ақниет Жарылқасын, «Ұлы дала елі» орталығының ғылыми қызметкері:
- Біздің Музейдің қорында 14 елдің 50-ге жуық баскиім үлгілері сақталған. Музейдің мамандары бар қорға түскен баскиімдерді өздері үнемі реставрация жасап, сақтайды. Үшінші бөлімде көрсетілген халықаралық баскиім үлгілері өкінішке орай бізде жоқ. Бірақ музей қоры жыл сайын толықтырылып отырады. Мүмкін алдағы уақытта толығады.