9 ақпан Мұқағали Мақатаевтың туған күні

Бүгін менің туған күнім, ой, пәлі-ай, Мына жұртым неғып жатыр тойламай?!

Бүгін Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Қазақ поэзиясына төтенше құбылыс болып келген қаламгер қысқа ғұмыр кешсе де артынан өшпес мұра қалдырды. Мыңнан астам өлең мен повесть, поэмаларды дүниеге әкелді. Ал оның аудармашылық талантының арқасында қазақ қоғамы Шекспирдің сонеттері мен Дантенің "Құдіретті комедиясын" оқыды.

Дәл осы қырықтың бесеуінде ұйықтап кетсем болғаны төсегімде деп өз өлімін болжаған ақынның туған күні бүгін. Қырық бес жасында бақиға аттанғанымен халқының жүрегінен өшкен емес. Жастың да, кәрінің де жырға құмар ағайынның бәрінің де Мұқағали есінде...

Ғалым Жайлыбай, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын:

- Өзінің бір өлеңінде Сырым да осы, жырым да осы алдыңда, байқашы бір бықсыдым ба, жандым ба? Махаңдар жоқ, Махаңдардың сарқыты, Мұқағали Мақатаев бар мұнда! Мұқағалидың осынша құбылысқа айналуы, өзінше сезінуі, өзінше дүниені тануы, қазақтың өлеңіне үлкен дайындықпен келуі - осының бәрі Мұқағали Мақатаев деген үлкен феноменді құбылысты қазақ өлеңіне сыйлауы...

Жас ұрпақ ол жазған жырдан қанаттанады, жанына рахат табады.  

Қарасаз топырағынан түлеген ақынның «Мұзбалақ Мұқағали» атануы тегін емес шығар. Өлеңге қадасын қақты, қазақ әдебиетінің шырағын жақты. Қырық бес жыл ғұмырында жауһар жырлар қалдыра білді.

Ғалым Жайлыбай, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын:

- Мұқағалиды өз басым өлең бақытына ие болған қазақ рухының, қазақ көркем ойының үлкен бір биігі деп білемін!

Мұқағали жырлары – мәңгілік. Ол өлең деп соққан әр жүректің төріне жайғасқан ақын. Ол өз жұртымен бірге жасайтынын білді, сезді.

Бозарып атқан ақ таңда.

Бозарып тұрып ақпанда,

есіңе мені алғайсың!

Есіңе мені алғайсың!

 

Асантемір Қаршығаұлы, Қанат Махмутов

Поэзия, менімен егіз бе едің?!

Ал өнерсүйер қауым  9 ақпанды поэзия күні деп біледі. Иә, поэзия, менімен егіз бе едің деп жырлаған Мұқағали Мақатаевтың туған күні осылайша халықтың мерекесіне айналды. Әлеуметтік желідегі мына видеолар осы сөзімізге дәлел. "Хан Тәңіріндей" ақын өмірден ерте кеткенмен, ұрпақтың санасынан өшкен жоқ. Өлеңдері талай жүректе жатталып, таңдайдан төгіліп тұр. Жалпы, осы өңірде қазақтың тағы бір Мұқағалиы тұрады. Балаң Мұқағалидың дана Мұқағалимен ұқсастығы да көп. Ол да ақындық жолды таңдаған. Ұлттық статистика комитетінің мәлімдеуінше, елде Мұқағали есімді 1835 адам бар.

Мұқағали Кенжетайұлы, ақын:

- Достарымның ортасында, жанымды түсінетін жандардың жанында ерекше мақтанышпен айтамын. Менің есімі Мұқағали, ұлы ақынмен аттас деп. Оның үстіне Мақатаевтың туған жері  - Алматы облысындағы Қарасаз деген ауыл болса, менің туған жерім - осы өңіріміздегі Қаратас  деген ауыл. Анамыздың аты да бірдей. Расында бір мақтаныш болғанымен, бұл үлкен жауапкершілік. 

«Яссауи ізімен» деректі фильмі түсірілді  

Түркістанда «Яссауи ізімен» сюжетті-деректі фильмінің көрсетілімі өтті. Туынды Қожа Ахмет Яссауидің 930 жылдығына арналып, «Яссауи мұрасы» республикалық насихаттық іс-шарасы аясында түсірілді. Жобаға Түркістан өңірінен бөлек, Астана мен Алматы қалаларының кино және анимация мамандары қатысты. Батырхан Дәуренбеков, Жәнібек Оразалы, Азамат Ерназаров сынды белгілі режиссерлер атсалысса, сценарий авторы-жазушы-драматург Сая Қасымбек. Бұдан бөлек, мамандар Яссауи мұрасын балаларға жеткізу үшін «Бала Ахмет» анимациялық фильмі мен «Яссауи мұрасы» анимациялық роликтер топтамасын түсірген. Айта кетейік, былтыр Түркістанда өткен Ұлттық Құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғұламаның мұрасын жан-жақты насихаттауды тапсырды.

Райхан Дәрменқызы, «Оңтүстік фильм» мекемесінің директоры:

- Бұл тек қана Түркістан қаласында ғана емес, жақын арада Қызылорда, Шымкент және Жамбыл облысында насихаттау жұмыстарын бастайтын боламыз. Қазіргі таңның өзінде қала мектептерінде «Бала Ахмет» анимациялық фильмінің және «Яссауи мұрасы» анимациялық танымдық роликтер топтамасының  көрсетілімі жүріп жатыр.

Жетісу өңірінен кітап керуені жетті

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхана қоры 500 кітаппен толықты. Баға жетпес тартуды Жетісу өңірінің мәдениет басқармасы жасады. Бұл еңбектің барлығы Жетісу ақын-жазушылары мен композиторларына тиесілі. Іс-шара барысында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жанат Елшібек пен журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қадыр Әлімқұлов кітаптарының тұсауы кесілді. Аймақта жергілікті қаламгерлерді қолдау шаралары жүйелі. Былтыр облыстық әкімдіктің демеуімен 13 автордың кітабы басылып шыққан. Оған қазынадан 17 млн теңге қаржы бөлінді. Игі бастама биыл да жалғасады.

Қуаныш Сүлейменов, Жетісу облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:

- Ұлттық кітапханада Жетісу өңірінің ақын-жазушылары кітабының жоқтығы шымбайымызға батып жүретін. Арнайы "Жетісу-кітап керуені" деген тақырыппен Талдықорғаннан Астанаға кітап керуені жетті. Біз бүгін Ұлттық кітапханаға 500 кітап әкеліп отырмыз. Биылдан бастап Жетісу кітаптарының сериясын шығарғалы жатырмыз. Ол жерде бүгінгі күнімізге дейінгі Жетісудың тарихы жазылады.