Шәкен Аймановтың туғанына 110 жыл толды
Бүгін қазақтың біртуар перзенті, талантты режиссер, актер, КСРО халық әртісі, қазақ киноөнерінің негізін қалаушылардың бірі Шәкен Аймановтың туған күні.
Режиссердің алтын қорда сақталған «Алдаркөсе», «Атамекен», «Тақиялы періште, «Біздің сүйікті дәрігер», «Атаманның ақыры» сынды фильмдері шоқтығы биік, қазақ кино өнерінің бастауында тұрған дүниелер.
Шәкен Айманов 1914 жылы 15 ақпанда Павлодар облысы Баянауыл ауданы Айманбұлақ ауылында дүниеге келген. Шығармашылық жолын театр сахнасынан бастаған таланттың Абай, Хлестаков, Ақан сері, Кассио, Қобыланды, Отелло рөлдері қазақ театр өнері тарихындағы бірегей бейнелер болып қалды. Өнерін шыңдай жүріп, театр режиссурасының қыр-сырымен танысқан Айманов, бірнеше пъесаларды сахналап, көрерменге ұсынды.
Асанәлі Әшімов, актёр, Қазақстанның Еңбек Ері:
- Шәкеңдер табиғаттан талантты туған адамдар ғой, киноның оқуын бітірген емес, театрда да сондай. Соған қарап отырсаң бәрін меңгерді ғой, театрды бір үлкен сатыға жеткізіп, содан кейін барып киноға 53-жылдары келді. Содан жәйлап бастады. Сол осы «Атаманның ақырына» дейін өзінің шеберлігін шыңдады.
53-ші жылдары киноға кәсіби маман ретінде бет бұрса, өнердің бұл түрімен таныстығы ертеректе басталған. 1938 жылы қазақ жерінде түсірілген тұңғыш дыбысты кинотуынды - «Амангелді» фильмінде массовкаға қатысады. Осылайша ол, сиқырлы кино әлемінде мәңгіге қалып қояды. Оның картиналары қазақ киносының көшін түзеп, көкжиегін кеңейтті.
Дана Нұрбекова, кинотанушы:
- Қазақ киносына қосқан үлесі ретінде, жаңалығы ретінде төртінші қабырғаны бұзуын айтамыз. Мысалы, төртінші қабырғаны оған дейін, қазақ киносында бұзбаған болатын. Ол кейіпкерлердің, тікелей камераға қарап сөйлеуі. Тақиялы Періште, мысалы, ең бірінші кадр дәл сол сахнамен төртінші қабырғаны бұзумен басталады.
Көзкөргендер Шәкен Аймановтың қағытпа қалжыңы мен әдемі әзілін жиі еске алады. Жеті өнерді меңгерген ол, актерлігі мен режиссерлігінен бөлек, шахматтан өзіне қарсылас шақ келтірмей, ән мен биді де нақышына келтіріп орындайтын болған.
Асанәлі Әшімов, актёр, Қазақстанның Еңбек Ері:
- Шәкеңменен жұмыс істеу өте оңай әрі қиын. Өзі съемка алаңында елдің бәрін күлдіріп осы көңілді болатын. Көңілді коллективте, көңілді ортада жұмыс істеу өте оңай, бір жағынан. Қиын жағы ол кісінің көзінше алдауға болмайды, актер, өзі ұлы актер, өзі ұлы режиссер, оның алдында ойнау өте қиын.
Актер, режиссер Болат Қалымбетов, Шәкен ағаны алғаш 10 жасында көріпті. Табиғатынан дарынды тұлғамен кино түсіру алаңында бірге жүргенім бір бақыт, алайда Аймановтың бір фильміне түспегеніме өкінемін, - дейді ол.
Болат Қалымбетов, актер, режиссёр:
- Өзіміздіің классиктерді, Шәкен аға бастаған, Абдулла Қарсақбаев, Қожықов, Бегалиннің киноларын көруіміз керек. Тамырымыздан айырылмас үшін. Себебі қазақ киносының түпкі тамыры, осы кісілер жасап кеткен. Дәстүр жалғасы дейді ғой. Сондықтан біз бұл кісілерді ұмытпауымыз керек.
Шәкен Айманов көрермендер көңілінен өшпейтін фильм түсіріп қана қоймай, ұлттық киноның өркен жаюына жағдай жасады. Бүгінде қазақ киносының қарашаңырағына айналған «Қазақфильм» киностудиясын салдырып, кейіннен оған Шәкен Аймановтың есімі берілді.
Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев, Кенже Амраев, Эдуард Кон
Бейсен Құранбектің заттары музейге қойылды
Алматыда белгілі журналист Бейсен Құранбекке арналған көрме ашылды. Осылайша тележүргізушінің түрлі бағдарламаларға киген киімдері, құжаттары мен мараппаттары – барлығы 200 экспонат ел назарына ұсынылды. Телевизия майталманының жеке заттарын музейге жұбайы Гүлмира Зербай табыстады. Бейсен Құранбек ұлттық журналистикада өзіндік сүрлеуі бар тұлға. Ол "Айтуға оңай", "Қарекет" сынды бағдарламалары арқылы халықтың ықыласына бөленді. Бейсеннің бекзада болмысы ел-жұртының мәңгі есінде. Қоғам қайраткерін еске алуға әріптестері, дос-жарандары мен шәкірттері жиылды.
Гүлмира Зербай, Бейсен Құранбектің жұбайы:
- Бірінші кірген бойдан мен қатты толқыдым өз басым. Өйткені кірген бетте жан-жақта Бейсекеңнің жарқын бейнелері, суреттері, бейнероликтері өте әсерлі жасалған. Музей қызметкерлеріне осы жұмыстары үшін көп рақмет айтамын. Бейсекеңнің жүріп өткен жолы өскелең ұрпаққа үлкен үлгі деп есептеймін. Міне үш жарым жылға жуық уақыт өтті, жан - жақтан құрмет белгілері, халықтың ықыласы көрініп жатыр.
Атырауда ұлттық әшекейлер насихатталды
Иықтан шашы төгіліп жерге, күмісті шашбау жарасар белге, деп келетін ән жолдары ұлттық ажарынан ажырамаған қазақ қызын көркем суреттейді. Бірақ қазір қазақы болмыстың бастауында тұрған зергерлік бұйымдарды музейлерде кездестіреміз. Күнделікті қолданатындар аз. Осыған орай ұлттық құндылықтарды дәріптеп, зергерлік бұйымдарды насихаттау мақсатында Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі қыз-келіншектерге арналған іс-шара ұйымдастырды. Өңірдегі қоғамдық ұйымдар мен аналар алқасының мүшелері әжелерінен қалған зергерлік бұйымдарды әкеліп таныстырды. Әр әшекейдің мән-мағынасы туралы айтылды. Оған қоса жас ерекшеліктеріне қарай кімнің қандай бұйым қолданатыны туралы да сөз қозғалды. Ұлттық әшекейлерді күнделікті қолданысқа енгізу қазақ әйелінің ажарын ашады, дейді ұйымдастырушылар.
Күнсұлу Мұхтарқызы, ұйымдастырушы:
- Ұлттық зергерлік мұраларды паш еткіміз келеді. Соларды ұлықтағымыз келеді. Біздің қазағымыздың қыздары, әйелдері зергерлердің соғылған бұйымдарды тағып, әсемденіп жүрсе, өте жақсы болар еді деп ойлаймын. Қазір ескі нәрселердің көбінің көзі жойылып, тек музейден көруге болады. Сондықтан қазіргі заманауи зергерлердің дүниесін тағып жүрміз.