Шәкен Аймановтың өнер жолы Қызылордадан басталған
КСРО халық артисі, қазақ киноиндустриясының негізін қалаушы Шәкен Аймановтың туғанына биыл 110 жыл.
Киноэкранға алғаш рет «Амангелді» фильмі арқылы шыққан талантты актердың өмірі де, өнері де тұнған өнеге. Ерекше дарын иесінің мерейтойына орай қызылордалық жастарға мәдениет майталманының 20-дан астам кинотуындысы таныстырылды. Сонымен қатар дарынды режиссер түсірген деректі фильмдерге де шолу жасалды.
Шәкен Кенжетайұлының өнердегі жолы Сыр өңірінде басталған. Қызылордада алғаш театр құрылғанда жазушы, драматург Ғабит Мүсірепов Семейде педагогикалық техникумда оқып жүрген Шәкеннің актерлік шеберлігін байқап, қойылымға қатыстырады. Содан қазақ сахнасындағы жемісті жолы басталып кетті. Қайталанбас образдар тудырған көркем суреткердің дара жолы еске алынған шараға Шәкеңнің шәкірті, КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов қатысты. Біртуар тұлға жоғары оқу орнының студенттеріне Шәкен Аймановтың өмірдерегінен сыр шертіп, өлшеусіз сіңірген еңбегінен үлгі алуға кеңес берді.
Асанәлі Әшімов, ҚР Халық артисі:
- Актерлік деңгейі өскен кезде режиссураға ауысады. Театрда үлкен-үлкен рөлдерде ойнайды, спектакль қояды. Театрдың көркемдік жетекшісі болады. Содан 1953 жылы киностудияға ауысып, аздап кино қоя бастайды бірігіп. Содан кейін жеке жолы басталады. Талантты адам қайда бармасын талантты.
Музыка мамандығы бойынша білім алып жүрген Бақытбек Әлібек жергілікті жастар театрында өнер көрсетіп жүр. Мұхтар Әуезовтың «Қаракөз» драмасындағы рөлі арқылы қызылордалық режиссерлардың көзіне түсіп үлгерген жас талант бүгінгі кездесуден кейін кино өнеріне әуесі ауғанын айтады.
Бақытбек Әлібек, актер:
- Шәкен Аймановтың киноларын, Асанәлі Әшімовты "Қыз жібек" киносынан көріп өстік бала кезден. Сол кісіні бүгін шынайы көріп, киноға деген махаббатымыз арта түсті. Жастарға барлық жағдай жасалған. Кино саласы бойынша да қолдау жоғары деңгейде өтіп жатыр.
Бақберген Досмамбетов, университет құрылтайшысы:
- Балалардың келешегі үшін олардың тек қана математик, құрылысшы немесе басқа сала маманы болмай жан-жақты дамыған азамат болып шығу керек. Соған байланысты шаралар жасап жатырмыз. Соның барлығы балаларға тәрбие, ориентир өмірдің әрі қарай дамуына. Осындай мақсатпенен жасап жатырмыз.
Өңір зиялылары да қатысқан шарада қазақ кинематографиясының бүгіні мен ертеңі, кейіпкер шығарудағы өзекті мәселелері талқыланды. Қазақ мәдениетінің қайраткері Асанәлі Әшімов киноға арқау болар тақырыптарды тізбектеп, жас режиссерларға бағыт сілтеді.
Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев