Ахмет Тоқтабай еңбегі Қырғыз еліне насихатталды
Қазақ авторының кітабы Қырғызстандағы Ұлттық кітапханаға қойылды.
"Орта Азия қазақтарының киелі жерлері" атты туындыда қазақ, қырғыз, өзбек, моңғол, тәжік және қытай тарихынан, мәдениетінен сыр шертетін тақырыптар баяндалған.
Қазақтың танымал ғалымы, тарих ғылымдарының докторы Ахмет Тоқтабайдың бұл еңбегінде, тамыры тереңде жатқан Орта Азиядағы көршілес ұлттардың тарихы, мәдениеті мен дәстүрі баяндалған. Осының бәрін бір кітапқа сидыру үшін, ғалым біраз жылын сарп еткенін айтады.
Ахмет Тоқтабай, кітап авторы:
- Қазақтың тарихы тек қана Қазақстанның территориясымен шектелмейді. Әсіресе мына көршілес халықтар, қырғыздар, өзбектер, түрікмендер, тәжіктер, мына жақта моңғолия, мына жақта қытай жеріндегі ескерткіштер өте көп. Бұл ескерткіштердің бір маңыздысы – бұл қазақ трихын, қазақ мәдениетін толықтырады.
"Орта Азия қазақтарының киелі жерлері". Кітаптың атауы айтып тұрғандай, бұл еңбектен төл мәдениетімізбен астасып жатқан, қасиетті орындар жайында көп мағлұмат алуға болады. Тарих беттері біздің заманымызға түпнұсқада жетпегендіктен, ежелгі аңыз-әфсаналарды қариялардан тыңдап, соның желісімен тарихпен байланыстырып, кітап бетіне түсірген.
Тамара Болотова, Қырғызстандағы қазақ бірлестігінің төрағасы:
- Бұл кітаптан ата-бабаларымыздың өмір сүру салты, наным-сенімі туралы біраз дүниені білуге болады. Тарихымызды тануға болады. Қазақ-қырғыз бір туған деген сөз де бекер емес. Екі ұлттың ұқсас тұстары көп.
Автор өз кітабын Қырғызстандағы Қазақстан елшілігіне, сондай-ақ Алыкүл Осмонов атындағы Ұлттық кітапханаға сыйға тартты. Тарихи туынды қырғыз жеріндегі Абай орталығына да қойылды.
Фариза Жанғанаева, Бақыт Чермашев, «24.KZ» Қырғызстан.