Тайпақтың Мұқағалиы

«Өлеңнен алтын азап арқаладым, бақыты өтер ме екен, бұйырмай-ақ?!». Отыз алты жыл ғана ғұмыр кешсе де, артына өлмес мұра қалдырған ақынның жан дауысы бұл.

Ия, әдебиетке талайлар келгенмен жолдары әрқилы. Солардың бірі - Сағат Әбдуғалиев еді. Бүгін оның туған күні.

«Жүгіремін бір құмарды қуалап, Жеткізбейді тірліктегі түлкі-арман» деп жырлаған ақынның денесі 1984 жылы көктемде қар астынан табылды. Оны да қой бағып жүрген ауыл балалары тауып, қолындағы жүзігінен таныған. Ақын онсыз да жалалы күйден арылмай, ғұмырының көбін қапаста өткізген еді.  

Шопан Шыңғысов, ақын:

- Сағат өз қоғамына сыймаған ақын. Оның өлеңіне еркіндік қажет еді.  СССР кезінде ол еркіндік қайдан болсын. Еркіндікке ұмтылған ақынды қапасқа қамап тынды. Өмірден түңілтті. Досы қас болды, айналасы жау болды. Айдалада жалғыз өлді ақыры...

Бауыржан Бабажанұлы, ақын:

- Қазақтың әдебиетінде өзі тағдыры ерекше назар аударуға тұратын ақындар бар. Мысалы Танабай Нарманов, Сағат Әбдуғалиев, 27 жасында із-түссіз жоғалып кеткен Әділ Ботпанов. Алланың маңдайға жазғаны деп айтуға болатын шығар, тағдыры өте қиын күрделі. Сағат Әбдуғалиевтің ақындығы керемет, әлеуеті жоғары.

Қырыққа жасы толмаған, тағдырын ерте болжаған Сағат Әбдуғалиевтің отыз алты жасында жанары жұмылды. Аз ғұмырында оқырман жүрегін жаулаған ақынның жырлары жұртының ауызында жүрді. Бірақ ел жатқа айтқанмен, ол кездегі әдеби ортада толық мойындалмады. Өзі айтқандай, «Талантты тірісінде мойындамау, Тәңір де кешірмейтін тасырлық қой!».

Бауыржан Бабажанұлы, ақын:

- Сағаттың:

«...Сайраттың құмбыл құс тілде,

Жанымның жаз-ағыстарын.

Тілегім сенің үстіңде,

Кіндік жұрт - Қазақстаным!» - деген бір-ақ шумақ өлеңнен-ақ  оның ақындық қуатын көруге болады деп ойлаймын. Барша қазақты жүрегімен сүйген ақынның туған күні әлі талай жылдарға жалғаса береді. Қазақ бар жерде Сағаттың өлеңдері оқылады.

«Тайпақтың - Мұқағалиы» атанған Сағат Әбдуғалиев халықтың жүрегінде қалған ақын. Ғұмыры қысқа болғанмен жырлары мәңгілік. Оның өлеңдерін ерте кеткен қайран-ғұмыр Табылды Досымов та әнге қосып, келістіре шырқайтын.

Авторлары: Асантемір Қаршығаұлы, Бағдат Қайыркен