Түменде домбыра үйірмесі ашылды

Түмен қазақтары ұлттық аспап мектебін ашты, деп хабарлайды 24KZ.

Қазір шағын білім орнында 10 шақты оқушы домбыра тартуды үйреніп жүр. Жеткіншектер келешекте ұлттық ансамбль құруға ниетті.

Түмендегі орта мектептің 6-сыныбында оқитын Арманның домбыра шертіп, күй үйрене бастағанына жарты жылдай болды. Ол ұлтымыздың қасиетті аспабын атасының арманын орындаймын деген ниетпен қолға алған.

Арман Садуев, оқушы:

- Атамның арманы немерелерін қазақша тәрбиелеу еді. Маған үнемі қазақ тілін оқы, салт-дәстүрімізді үйрен деп айтып отыратын. Атам дүние салғанына біраз жыл болып қалды. Оған деген сағыныш сезімім домбыраны қолға алуға себепкер болды.

Қазір Түмендегі шағын домбыра үйрену мектебіне 10 шақты бала келіп, түрлі аспапта ойнауды үйреніп жүр. Сабақтар тегін. Бастама Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясының ұйымдастыруымен қолға алынған. Ұйым осы өңірді мекендейтін қандастарымызға қазақ тілін үйретіп, салт-дәстүрімізді дәріптеумен айналысады.

Асқар Қалиев, жергілікті тұрғын:

- Біздің ұйымымыздың мақсаты – қазақтың салтын, дәстүрін, тілін сақтап қалу. Қазір, Құдайға шүкір, мектебімізде ана тілін үйреніп, ұлттық аспаптарымызда ойнағысы келетін балалар қатары көбейіп келеді. Біз де оларға қолдан келгенше барлық жағдайды жасауға тырысып жатырмыз.

Ресми деректер бойынша қазір Ресейдің Ханты-Мансы және Ямал-Ненец автономиялық округтерімен бірге Түмен облысында 40 мыңға жуық қазақ тұрады. Соңғы 10 жылда мұндағы қандастарымыздың саны 20 мыңға көбейген. 

 Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров.