Елордада «Театр – менің әлемім» кеші өтті
Елордада «Театр – менің әлемім» атты шығармашылық кеш өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Концерттік қойылым Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Асхат Маемировтың 50 жылдығына арналған. Астана қаласы Музыкалық жас көрермен театрының негізін қалаған көрнекті тұлға жылдар бойы еліміздің мәдениетінің өркендеуіне үлес қосып келеді. Шығармашылық кеште Асхат Маемировтың сахналаған қойылымдарынан үзінділер, әндер және спектакльге арнап жазған туындылары шырқалды. Қазіргі таңда театрдың репертуарында бір-біріне ұқсамайтын спектакльдер өте көп. Соның бірі де бірегейі – «Гауһартас» қойылымы. Спектакль былтыр үздік деп танылып, «Ұмай» ұлттық сыйлығын жеңіп алды.
Асхат Маемиров, Музыкалық жас көрермен театрының директоры:
- Мен – әрі ұстазбын, әрі режиссермін. Сондықтан ұстаз ретінде ең бірінші кезекте шәкірттеріммен мақтанамын. Музыкалық жас көрермен театры болғандықтан, ең бірінші, басты ұстанымымыз да, мақсатымыз да – өзіміздің отандық, ұлттық, әлемдік драматургиялық туындыларды елге ұсынып, ерекше эстетикалық әсер сыйлау.