Лұқпан Жолдасов: «Әу» дегеннің бәрі әнші болды

Лұқпан Жолдасов: «Әу» дегеннің бәрі әнші болды

Жақсы ән жанды жадыратады. Көңілдің емі жақсы ән, жақсы шығарма ғой. Бірақ осы қазіргі әндер бір-бірін қайталайтыны несі? Неге олай?

«Әннің де естісі, есері бар». Бұрын солай дейтін, қазір қалай? Жастарды қайдам, Шәмшіні естіп өскен үлкендер жағының құлақ құрышы қанбайды. Өйткені бір-біріне ұқсайтын әндер қаптады. Қынжылтатыны, мәтіннен мән, әннен әр кеткен.                                                                                                               

Лұқпан Жолдасов, әнші-композитор:

- Осындай өтірік өлеңдер көп. Тәуірлері де кездесіп  қалып жатады. Біз де енді тыраштанып ән шығарамыз арасында. Біраз әніміз бар. Бірақ біз көбіне әдемі шығуға тырысатын едік. Қазір мынау халықтың өзі алып кетеді, құлағында қалып кетеді деп 3 аккордты тауып алған. Осы 3 аккордпен шығарамыз, халыққа сол тез жатталады дейді. Солай ұрып жатыр қазіргілер.

Әннің жүрекке жетіп, көңіл көгінде қалықтауы, одан тыңдарман жалықпауы тиіс. 

Ел іші – өнер кеніші. Хас әншілер бар. Тәуір композиторлар бар. Тек әнші көп, композитор аз. Сондықтан қолынан келсін, келмесін, қасиетті өнерге әркімдер үйір.                                                

Жеңіс Сейдоллаұлы, Ж. Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінің директоры:

- Қазіргі жас композиторларда ұқсастық бары бар енді. Қазір ақпарат көп қой. Шетелдің музыканттарын көп тыңдағаннан кейін музыканың мәнері де, стилі де соларға ұқсап кетеді. Ең бастысы, плагиат болмаса болды.

Лұқпан Жолдасов, әнші-композитор:

- Венгрлердің, Румыния халқының әндерін алып, қазақша сөздерін жазып, қырғыз ағайындардан біраз әндерді алып, өзбек ағайындардан алып біраз әндерді. Сөйтіп-сөйтіп, жан-жақтан жинай бастады әндерді. Неге қазір әнші көбейіп кетті? "Әу" дегеннің бәрі әнші болып, жақсы болды мынау. Ешқандай електен өтпейді. Баяғыдай қарап жатқан ешкім жоқ.

«Ән түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» деп айтатын күн бола ма алда, болмай ма – белгісіз. Белгілісі, ән деуге ауыз бармайтын, дәлдүріш дүниелерді сылып тастайтын сүзгі қажет. Көркемдік кеңес құрылуы керек. Сол кезде Шәмші, Әбілахаттар қайта туар, бәлкім?                                                                                                                                                                                                                             

Қалдыбек Құрманәлі, композитор:

- Қалдаяқов дейтін композитордың дүниеге қайтып келмейтіні ол анық. Бірақ Шәмші Қалдаяқовтың әндері сияқты заманы өте келе, басқа да композиторлар келіп тұрады. Мүмкін емес. Кезінде Ақан Сері туды, Біржан сал туды. Одан кейін де Тілендиевтер, Әбілахат Еспаевтар дүниеге келді ғой. Сол сияқты келе береді. Қазақ халқы тұрғанда таланттар туа береді. Бірақ біз ненің не екенін анықтап алуымыз керек. Оны атқаратын бірден-бір мекеме көркемдік кеңес болуы керек.

Иә, ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Талай халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген жастарымыз, қазақты әлемге танытқан Димаштай асылымыз бар. Жалпы сахна саңлақтары жанды дауыста ән шырқауға қарсы емес, – дейді әнші, композитор Жеңіс Сейдоллаұлы. Тек көбіне аппаратура сапасының төмендігі кері әсерін тигізеді. Сондықтан көбісі фонограммамен айтуға мәжбүр.

Авторлары: Асантемір Қаршығаұлы, Өрден Жарқын.