Алматыда алуан түрлі қамшы жұрт назарына ұсынылды

Қазақтың қамшысы қайта жаңғырды.

Наурызнама аясында Алматыда заманауи қамшылардың тұсаукесері өтті. «Руна қамшы», «Таңбалы қамшы», қыздарға арналған «Ару» қамшы көпшілік назарына ұсынылды. Балаларға арналған «Білге» қамшыда қазақтың ән күйлері, аңыз ертегілері, жаңылтпаш, мақал-мәтелдері топтастырылған. Бала әрі ойнап, әрі түркі жұртының ортақ құндылығы қамшының не екенін санасына сіңіріп өседі. Рас, қамшыны қазір мал айдайтын құрал ретінде танимыз. Алайда ер азаматтың беделін танытатын, рухын көтеретін қамшының қасиеті тереңде, дейді ұйымдастырушылар. Жаңа заманға лайықталған смартқамшылар қатарында танымал өнер адамдарының әндері енгізілген қамшылар да бар. Шара аясында этнограф ғалым Болат Бопайұлының «Адамзат рухы – қамшы» кітабы таныстырылды. Кітапта қамшының 70-тен аса түрінің анықтамасы берілген.

Біләл Қуаныш, ақпарат агенттігінің жетекшісі:

- Атилланы бүкіл Еуропа тарихшылары Тәңірдің қамшысы дейді, Шыңғыс ханды әлемді қамшымен жаулаған дейді. Алтын адамның жанына қамшысы қоса жерленген. Енді сондай біздің бабаларымыздың бүкіл даланы билеген ұлылығын көрсету үшін біз қамшының қасиетін ұмытпауымыз керекпіз, соны ұлықтауымыз керекпіз.