10 жастағы қолөнерші мыңға тарта әшекей әзірледі

10 жастағы қолөнерші. 4-сынып оқушысы мыңға тарта әшекей әзірлеген, деп хабарлайды 24KZ.

Семейлік Асылжан Қаныбеков ұлттық нақыштағы бұйымдарды жасағанды жақсы көреді. Қазір оның қолынан шыққан дүниелерге қалада сұраныс көп.

Асылжан Қаныбеков сабақтан қолы қалт етсе, анасының қасынан табылады. Ұлттық нақыштағы бұйымдарды құрауға көмектеседі. Әсіресе жаны қалап, жасайтын әшекейі...

Асылжан Қаныбеков, 4-сынып оқушысы:

- Ол: шекелік, шашбау, алқа, сырға. Осы төртеуін мен ең көп жасаймын. Шекелікті 10-15 минут. Сырғаны 5 минут. Сырға оп-оңай. Сырға былай тұрады. Анау жерін тағасың да, кішкентай нәрсені қоса саласың болды.

Асылжанды қолөнерге баулыған анасы Балауса. «Осы іспен шұғылданғалы баламның мінезі де өзгерді, есте сақтау қабілеті де жақсарды», – дейді ол.

Балауса Рымбекқызы, анасы:

- Ұсақ моторикасы жақсы дамыған. Ең бастапқы мақсатым да сол болған. Негізінде әшекейді жасатқан кезде жасап отырдым да, ой келді өзіме. Үлкен ұлымда есте сақтау қабілеті, тақпақты екі-үш рет оқығаннан кейін бірден жаттап алу деген секілді жақсаруларды байқағаннан кейін мұны екінші ұлыма терапия ретінде жасатып жатырмыз.

Талапты бала екі жылда анасымен бірге мыңнан астам әшекей әзірлепті. Оның қолынан шыққан шекелікті қазір сыныптас қыздары тағып жүр.

Толқын Татыбаева, сынып жетекшісі:

- Көркем еңбек сабағына өзі сол сабақты сүйіп қатысып отыратын. Суретті өте жақсы салып. Жаңағы қолөнерге икемі бар екені сол кезде байқалатын. Ұлттық зергерлік бұйымдар болғаннан кейін біздің қыздар өте әдемі қылып бастарына тағып алып, өздеріне ұнап қыздарға. Күнделікті сабаққа тағып келетін болды.

Жас қолөнершінің жасаған әшекейлеріне сұраныс көп. Тапсырыс та түсе бастаған. Балғын шебер тырнақалды табысына өзіне ұялы телефон сатып алыпты. Қазір білген-түйгенін інісі Әкежанға үйретіп жүр.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов.