Елордада бес жүз адам «Қошқар мүйіз» флешмобын өткізді
Елордада мәдениет саласының 500-ге жуық қызметкері ұлттық киім киіп, танымал ою-өрнек түрі - «Қошқар мүйізді» бейнеледі.
Флешмоб бүгін ел болып тойлап жатқан «Ұлттық киім» күніне арналады. Өнер жұлдыздары мен театр ұжымдары осылайша, Наурыз мейрамы қарсаңында, төл мәдениетімізге деген құрметін жеткізді.
Әз Наурыз қарсаңында көктемнің шуақты күндерінің бірі «Ұлттық киім күні» деп ұлықталса, өнердегі ағайын осынау құндылығымызды дәріптеуге арнайы жиналды. Ер адамдар бөрік, шапан мен оюлы етігін сайлап, бұрымдылар әшекей, үкілі тақия мен қамзолын киіп, флешмобтың көркін кіргізді.
Еркебұлан Ағымбаев, «Наз» мемлекеттік би театрының директоры:
- Бүгінгі шарамызға Астананың бүкіл өнерпаздары қатысты. Жастар театры, Жастар сарайы, Музыкалық жасөспірімдер театры, Цирк, Мемлекеттік наз би театры, Академиялық филармония, сосын бүкіл Астананың кітапханашылары, Музей қызметкерлері қатысып осындай үлкен қазақтың өрнегі қошқар мүйізін жасап көрсетті.
Ұйымдастырушылар Наурыз мейрамы арқылы мәдени мұрамызды жаңғыртудың, оны әлем елдеріне паш етудің маңыздылығын атап өтті.
Ерік Жолжақсынов, ҚР Еңбек сіңірген артисі, Астана циркінің бас директоры:
- Бұл кезең өзен-сулардың тасып, ағаштардың бүршік атып, бұлақтардың көзі ашылып, көкмайса көптің қылаң атып келе жатқан кезеңі. Адам мен табиғаттың соншалықты бір-біріне жақындығын осы көктем мерекесі Наурыз айында білеміз. Наурыз мерекесі ынтымақтастықтың, бірліктің, берекенің мерекесі.
Ою-өрнек кез келген бұйымға сән берумен қатар терең мағыналы келеді. Ал дәстүрлі өнерімізде қошқар мүйіз - қуаттылықтың, жақсылық пен молшылықтың белгісі деген ұғым қалыптасқан.
Рухани Асқар, Мұрат Әріпханов